Әйелдер кәсіпкерлігі академиясына (AWE 2024) қатысуға өтінім қабылдау ашылды

Қазақстанда Әйелдер кәсіпкерлігі академиясына (AWE) қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Жоба елдегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға бағытталған. Жобаның бағдарламасы қазақ тілінде, DreamBuilder білім беру платформасы арқылы онлайн өтетін болады. Жобаға қатысу тегін.

Бағдарлама екі топтан құрылатын болады. Бірінші топ бизнес саласында тәжірибесі жоқ қыз-келіншектерге арналған, ал екінші топ – кәсіпкерлік тәжірибесі бар және өз бизнесін кеңейтуді жоспарлайтын қыз-келіншектер. Оқыту барысында қатысушылар бизнес құру дағдыларын дамытып, сондай-ақ ағылшын тілін жетілдіре алады.

Өтінімдерді 21-35 жас аралығындағы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды және Ұлытау облыстарының тұрғындары болып табылатын әйелдер бере алады. Бағдарламаға байқау негізінде іріктелген 100 әйел қатысады.

Бұрын бұл жобаға Оңтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарынан 130 әйел қатысқан, олардың кейбіреулері 1 миллион теңгеге дейінгі гранттарға ие болған. Бағдарлама түлектерінің бірі Назгүл Нәсиева IVLP бағдарламасы аясында АҚШ-қа бару мүмкіндігіне ие болды.

Бағдарламаның үздік түлектері Алматы қаласында өтетін финалдық іс-шараға қатысып, жобаларын қорғау байқауына қатыса алады. Жеңімпаздарға гранттар беріледі.

Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы 100-ден астам елде жұмыс істейтін жаһандық бастама болып табылады және әйелдерге өз бизнесін бастауға және дамытуға көмектеседі. AWE бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап 25 000-нан астам әйел білім алып, түлектер қауымдастығын құрып, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстар орнатты.

Жоба аясында құрылған және жетілдірілген тұрақты әрі табысты бизнес өңірдің және жалпы елдің экономикалық дамуына ықпал етеді.

Жобаға қатысу үшін осы сілтеме арқылы өтінім беруге болады.

Жоба туралы толығырақ ақпарат келесі видеодан білуге болады.