Абай облысының мектебінде балаларға арналған футбол алаңы ашылды
Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияда облыс әкімінің қолдауымен жаңадан салынған футбол алаңының салтанатты ашылуы өтті. Жалпы аумағы 600 м² болатын алаң заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Іс-шараға облыстық білім басқармасы мен білім бөлімі өкілдері, Абай облысы кәсіпкерлер палатасының төрағасы, гимназияның қамқоршылық кеңес төрағасы, ата-аналар, ұстаздар және оқушылар қатысты.
Ашылу рәсімінде гимназияның спорт саласындағы жетістіктері туралы айтылып, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде жеңістерге жеткен оқушылар шеруі өтті. Сонымен қатар жас спортшылардың қойылымдық ойындары мен концерттік бағдарлама да ұсынылды.
Жаңа алаң жас спортшылардың кәсіби деңгейін көтеріп, олардың спорттық шеберлігін шыңдауға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Мектеп оқушылары енді осы алаңда спорттық дағдыларын дамытып, өздерінің денсаулықтарын нығайтуға зор мүмкіндік алады.
Футбол алаңының ашылуы – гимназия тарихындағы маңызды оқиға, әрі қала күніне арналған ерекше тарту болды.
Айта кетейік, қазан айында мектептің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілмек. Мерейтой аясында халықаралық конференция ұйымдастырылып, білім ордасының тарихы мен жетістіктері кеңінен насихатталады.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі