PRO.NRG FEST 2024 «Tabigat & Science» өтті
Елордада бүкіл отбасына арналған PRO.NRG FEST 2024 «Tabigat & Science» ең ірі ғылыми-көпшілік фестивалі өтті. Жаңа оқу жылының басты білім шарасына 7 мыңнан астам адам қатысты.
PRO.NRG FEST 2024 «Tabigat & Science» — заманауи ғылымның көмегімен адам мен табиғаттың үйлесімді тіршілік етуіне қатысты жаңа көзқараспен танысуға болатын орын.
Бұл — Астананың ең көрікті жерлерінің бірінде — EXPO Astana Халықаралық қаржы орталығында (AIFC) — STEAM көмегімен сабақта шығармашылықпен айналысуға және зерттеу жүргізуге жағдай жасайтын жаңашылдықты жақтайтын мұғалімдерді, Қазақстанның әртүрлі қалаларынан келген ғалымдарды және әлемдік сарапшыларды біріктірген үшінші ғылым, өнер және технология фестивалі. Қалыптасқан дәстүр бойынша лекциялардың, баяндамалардың, перфоманстардың және әсерлі музыкалық шоулардың басты тыңдармандары мен көрермендері балалар мен олардың ата-аналары болды.
PRO.NRG FEST 2024 «Tabigat & Science» фестивалінде ғалымдар оқушылар мен олардың ата-аналарына күрделі құбылыстарды қарапайым тілмен түсіндірді, ал мұғалімдер сабақты әсерлі, қызықты әрі тартымды етіп өткізу жолдарымен бөлісті.
PRO.NRG FEST «Шеврон» компаниясымен бірге Қазақстанда STEAM-білімді дамытатын «Caravan of Knowledge» корпоративтік қорымен өткізіледі.
Фестивальдің стратегиялық серіктесі — Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі.
Фестивальдің барлық іс-шаралары дәстүр бойынша әр көрерменге толығымен тегін және қолжетімді болды және бола береді.
«Шеврон» — Қазақстандағы алғашқы халықаралық энергетикалық компаниялардың бірі. Біз 30 жылдан астам уақыт бойы елдің мұнай-газ секторын дамытуға инвестиция салып қана қоймай, өзіміздің басты ресурсымыз — қазақстандықтардың өскелең ұрпағының күш—қуатын дамытып келеміз, олардың осы әлемді ғылым арқылы танып—білуге деген ынта—ықыласы, идеялар ойлап таба білуі, жаңа нәрсе үйрене білуі, сонымен қатар табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы Қазақстанның гүлденуіне ықпал етеді деп сенеміз. Біздің әлеуметтік жобалар адами капиталды дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. PRO.NRG FEST фестиваліне қолдау көрсету арқылы біз STEAM-білім саласындағы экожүйенің қалай қалыптасып келе жатқанын көрсеткіміз келеді», — дейді Дерек Магнесс, «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры.
«Қазақстандықтардың өскелең ұрпағын білімді етіп тәрбиелеу үшін мұндай фестивальдар қажет екеніне сенімдіміз. PRO.NRGFEST — ел жастарының ғылымға, жаңа технологияларға, тиімді білім беру шешімдеріне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін, тиімділігі тексерілген форматтардың бірі. Фестиваль жас ғалымдарды, ғылымды дәріптеушілерді, Қазақстанда ең озық білім беру тәжірибесін насихаттайтын жасампаз ұстаздарды біріктірді», — деп санайды Қаныбек Жұмашев, Қазақстан Республикасы Оқу—ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы.
PRO.NRG FEST 2024 «Tabigat & Science» фестивалінде әр қонақ ғалымдармен және зерттеушілермен тілдесіп, оларға өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды, ал балалар көптеген эксперимент алаңдарында өздерін биолог, физик, химик, эколог, археолог, тіпті ғарышкер мамандықтарында сынап көрді. Фестиваль балалар мен ересектерге ғылымды жаңа әрі қызықты қырынан көруге көмектескен ұмытылмас әсер сыйлады.
Қонақтарды ерекше ықыласына YEMAA заманауи мәдениет орталығының FLUID FUTURES немесе «Үлкен суға және үлкен деректерге сүңгу» атты таңғажайып көрмесі бөленді. Осы жобаның жас суретшілері суды аққыштық нышаны, ресурс және жады тасымалдаушысы ретінде пайдалана отырып, жас көрермендермен және олардың ата-аналарымен бірге болашақты табиғат пен технологияның өзара әрекеттестігі арқылы зерттеу үшін биодизайн, 3D басып шығару және жасанды интеллектіні қолданды.
Биыл қонақтардың баршаның көзайымына айналған «дәл сол химия мұғалімі» Ұлан Үсеновпен кездесуге тағы бір мүмкіндігі болды. Оның химия тақырыбында рэп нақышында ән салғанын әлі естімеген кім бар? Бүгінде Ұлан Үсенов тек химия пәнінің мұғалімі және танымал TikTok авторы ғана емес, сонымен қатар еліміздегі көптеген іс-шаралардың қадірлі қонағы.
PRO.NRG.fest жыл сайын жаңа жұлдыздарды жарыққа шығарады. Биыл фестивальде өз жұмысында ойындар, жасанды интеллект, сондай-ақ Альфа буыны арасында танымал мемдер, аниме, фильмдер мен мультфильмдер сияқты білім берудің инновациялық әдістерін қолданатын мұғалімдердің тұтас бір шоқжұлдызы болды.
«Естелік» жобасының шығармашылық тобы Aidhn мен Нұрсұлтан Зиядаев қазіргі балалардың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалай дарыту керек екенін көрсетті. Жастар қазақтың халық әндерінің адам миына тигізетін оңды әсері туралы айтып берді. Тек айтып беріп қана қоймай, заманауи техникалық музыкалық үрдістерді пайдалана отырып, ән де шырқап берді.
«TikTok Мұғалімі 2023» лақап атымен танымал ақтөбелік физика пәнінің мұғалімі Хайдар Мурзахметов қазақстандық топтың әнін орындап, Исаак Ньютон және оның заңдары, Тесла, Архимед заңы туралы музыкалық бейнебаян түсіріп, мектеп оқушыларына физиканың қызықты ғылым екенін паш етті.
Астанаға фестивальге қатысу үшін екі шетелдік спикер өздерінің керемет шоу-бағдарламаларымен ұшып келді. Олар — Польшадан келген археолог, ғылымды дәріптеуші, мұғалім, жаттықтырушы, фермер Павел Яковский (Paweł Jaskólski), сондай-ақ Иржи Влах (Jiří Vlach), Чехиядан келген ғылыми шоулар мен перфоманстар авторы, Масарик университетінде ғылыми лагерьлер мен практикумдер ұйымдастырушысы, STEM-білім туралы кітаптардың авторы. Сондай-ақ Иржи журналистер мен блогерлер үшін ашық сабақ өткізді.