Еңбек – елдің ертеңі: Абай облысы колледждерінде еңбек күніне арналған іс-шаралар өтуде

Абай облысының колледждерінде Еңбек күніне орай 20 қыркүйек пен 29 қыркүйек аралығында студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға, еңбекке деген құрметті ұлықтауға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Электротехника колледжіндегі кәсіби шеберлік байқауы техникалық бейін мамандықтары бойынша жоғары курс студенттері арасында өтті. Болашақ мамандар «Электромонтаждау жұмыстары», «Өнеркәсіптік автоматика», «Дәнекерлеу жұмыстары» және «3D модельдеу» сияқты күрделі құзыреттіліктер бойынша сынға түсіп, өз шеберліктерін шыңдады. Бұл байқаудың басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, еңбекке деген қызығушылықты арттыру, студенттерге практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік беру және болашақ жұмысшы кадрларды сапалы даярлауға жол ашу.

Аягөз политехникалық колледжінде Еңбек күніне арналған ерекше экскурсиялар ұйымдастырылды. 1-курс студенттері Аягөздегі ЖШС «Қамқор вагон» және «Қамқор локомотив» деполарында, сондай-ақ аудандық архивте болып, өндірістік процестермен танысты. Экскурсияның басты мақсаты – болашақ мамандарға өздерінің таңдаған кәсібіне деген сүйіспеншілікті оятып, өндіріс орындарында қажетті дағдыларды меңгеруге ынталандыру. Студенттер теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қалай қолдануға болатынын көріп қайтты.

Геодезия, картография және құрылыс колледжінде өткен «Өз ісінің шебері» атты байқау жас мамандардың шеберлігін айқындап, оларды кәсіби біліктілікті арттыруға ынталандырды. Байқауға қатысқан арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Сырлау және декоративті жұмыстар», «Дәнекерлеу технологиялары» және «Плиткамен қаптау» сынды құзыреттіліктер бойынша бақ сынасты. Олардың жұмысын колледж басшылығы мен тәуелсіз сарапшылар әділ бағалап, үздіктерді анықтады. Байқау жас мамандардың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттырып, еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл шаралар облыс колледждерінде техникалық профильдегі мамандықтар арасында өтіп, студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, еңбекке деген құрметті қалыптастыруға, аймақтағы жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыруға және қоғамға қажетті жоғары білікті мамандар даярлауға үлкен үлес қосып отыр.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі