Абай облысында бірыңғай ата-аналар жиналыстары басталды

Абай облысында «Білім беру ұйымдарында бала құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, қорқытудың және суицидтің алдын алу қызметінің негізгі аспектілері» тақырыбында бірыңғай ата-аналар жиналысы басталды. Семей қаласында өткен іс-шара офлайн форматта ұйымдастырылып, білім беру ұйымдары мен колледждерден ата-аналар қатысты.

Ата-аналар жиналысының негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын өзектендіру, ата-аналарға өз балаларының құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді таныстырып, кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғау, буллинг және суицидтің алдын алу жолдарын қарастыру.

Жиында Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нускенова сөз сөйлеп, балалардың психологиялық және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Әрбір баланың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау, физикалық және психологиялық денсаулығын сақтау – біздің басты міндетіміз. Балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі ерекше, сондықтан олар баланың қауіпсіздігіне назар аударып, күнделікті өмірде қадағалауы тиіс»

Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі – балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі болды. Ата-аналарға зорлық-зомбылық, буллинг және интернеттегі қауіптер туралы нақты мысалдар келтіріліп, олардан қалай сақтану керектігі түсіндірілді.

«Жеке қауіпсіздік» сабақтары, АПҚО жұмысы, «Даналық мектебі» клубы, сондай-ақ «Дос болайық» және «Менің бауырым» сияқты әлеуметтік жобалардың маңызы мен тиімділігі де талқыланды.

Жиналыс барысында ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұсыныстар берілді. Баланың интернетте өткізетін уақытын қадағалап, қандай сайттарға, әлеуметтік желілерге кіретінін мұқият бақылау қажет екені ескертілді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық немесе шығармашылық үйірмелерге тарту арқылы дамуына қолдау көрсету қажеттілігі айтылды. Ата-аналарға арнайы бағдарламалар арқылы құрылғылардағы қажетсіз контентті шектеу және баланың қауіпсіздігіне ұдайы назар аудару ұсынылды.

Жиналыс соңында ата-аналар балаларды тәрбиелеу және қорғау жолында мектеп, педагог-психолог және білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнатудың қажеттілігі туралы келісімге келді.

Ата-аналар жиналысы алдағы уақытта облыстың қалған 10 ауданында жалғасады.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі