Абай облысындағы мұғалімдер династиясы: Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан білім жолы

Абай облысында білім беру саласында терең із қалдырған, ғасырдан астам тарихы бар ұстаздар әулеті бар. Олардың бірі – Абай ауданындағы Аслаев Ғабдолла Ғабделваризұлы отбасы. Ғабдолла Ғабделваризұлы 1932 жылы Семей педагогикалық техникумын бітіріп, Абай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте орыс тілі мен география пәндерінен сабақ берді. Білім беру саласында 40 жыл бойы еңбек етіп, оқушыларының жүрегінде білімге деген сүйіспеншілікті оята білді.

Династияның екінші буынында төрт қызы және бір күйеу баласы бар. Нурышева Шолпан Ғабдоллақызы 1957 жылы Семей педагогикалық училищесін, ал 1969 жылы Семей педагогикалық институтының химия-биология факультетін тәмамдады. 35 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі әрі химия пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Көпбалалы ана ретінде «Материнская Слава» ордені және «Алтын алқа» белгісімен марапатталды.

Династияны жалғастырған күйеу баласы Нурышев Төлеуғали Еңсебайұлы 1966 жылы Семей педагогикалық институтын аяқтап, 35 жыл бойы физика пәні мұғалімі ретінде жұмыс істеді. Ол «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Аслаевтар династиясы, негізінен, білім саласындағы мол тәжірибелерімен ерекшеленеді. Олардың арасында Қашура Аймухаметова, Мансура Жуманбаева және Айман Асылаева сынды ұстаздар бар. Олардың әрқайсысы 40 жылдан астам уақыт білім беру саласында қызмет етіп келеді. Айман Асылаева 1976 жылдан 2013 жылға дейін математика пәні мұғалімі болып, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Оның шәкірттері республикалық, халықаралық олимпиадаларда үздік нәтижелерге жетіп, білім жарыстарында көзге түсті.

Династияның үшінші буыны да мұғалімдерден тұрады. Айман Нурышева, Эльмира Райымбекова, Лаура Махметова, Серікбол Сейітов, Мадина Жуманбаева және Мақпал Жарасбаева сынды немерелері білім беру саласында жоғары жетістіктерге жетіп, ұстаздық жолды жалғастыруда.

Аслаевтар династиясы 351 жылдық педагогикалық тәжірибеге ие. Олар ұстаздықтың абыройын көтеріп, болашақ ұрпақтарға білім мен тәрбие беруге өз үлестерін қосуда. Білім мен тәрбие жолында тер төккен Аслаевтар династиясы, уақыт өткен сайын, білім саласында өздерінің ізі мен мұрасын қалдыра отырып, жастарға жарқын болашаққа жол сілтеп келеді.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі