Цифрлық демалыс: Абай облысындағы мектептерде жаңа бастама

Абай облысының мектептерінде оқу үдерісін жақсарту және оқушылардың үлгерімін арттыру мақсатында «Телефонды өткіз, алаңсыз сабақ оқы» ұранымен жаңа «Цифрлық демалыс» акциясы іске қосылды. Бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып Семей қаласындағы №22 мектеп-лицейдің ұстаздары жаңа оқу жылында қолға алды.

5-7 сынып оқушыларына арналған бастама алдағы уақытта жоғары сыныптарға да таратылады. Мектепке кірген оқушылар телефондарын мұғалімдерге тапсырады. Сынып жетекшілері бұл шараны қолдап, білім алу ортасын жақсартуға атсалысуда.

Ата-аналар да оң пікір білдіріп, қолдау көрсетуде. Оқушылар тіпті сабақ арасында да телефонға алаңдамайды, бұл олардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, зейінін толықтай оқуға бағыттауға мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз – оқушылардың білімге деген ынтасын арттыру. Смартфонсыз сабақ оқу арқылы олар сабаққа тереңірек үңіліп, білімге деген қызығушылықтарын күшейтеді. Мен өз сыныбымда бұл бастаманың жемісін көріп отырмын», – дейді сынып жетекшісі Еңлік Нуримханова.

8-сынып оқушысы Алуа Мерсалихованың пікірінше, бастапқыда телефонды тапсыру қиын болғанымен, қазір бұл жаңа тәртіптің артықшылықтарын түсіне бастаған. «Алғашында үйрену қиын болды, бірақ қазір сабағымызға толық зейін қоямыз. Достарымызбен көбірек сөйлесіп, бірге уақыт өткіземіз. Бұл бастама бізге шынайы білім алуға көмектеседі».

«Цифрлық демалыс» акциясы бір жыл бойы жалғасады. Оқушылар гаджеттерден алыстап, сабаққа, кітап оқуға, спортқа және шығармашылыққа көбірек уақыт бөледі. Акцияның соңында нәтижелері бойынша арнайы есеп дайындалып, мектептің сайты мен әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл тәжірибе басқа мектептерге үлгі болып, кең таралуына ықпал етеді деп есептейді сынып жетекшілері.

Қазіргі уақытта оқушылар мен ата-аналар арасында акцияның әсері туралы сауалнама жүргізілуде. Бұл арқылы акцияның артықшылықтары мен тиімділігі бағаланып, болашақта жетілдіру жолдары қарастырылады.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі