Жүрек жылуын сыйлаған ұстаздар: Абай облысының батыр мұғалімдері
Білім беру жүйесінде ұстаздар тек білім беріп қоймай, сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жүрек жылуын сыйлап, оларға шынайы отбасылық қамқорлық көрсетеді. Осындай асыл жандар өздерінің батырлығын, адамгершілігін көрсете отырып, жас ұрпақтың тағдырына оң ықпал етіп келеді.
Абай облысы Бесқарағай ауданы Канонерка орта мектебінің мұғалімі Асель Кулушпаева өткен жылдың қыркүйек айында анасыз қалған екі жиенін өз бауырына басып, оларға жанашырлық танытып, жауапкершілікпен тәрбиелеп келеді. Отбасы балалардың мектеп өміріне толық араласып кетуіне көмек көрсетеді. Өз балалары жоқ отбасы, бүгінде толық отбасы ретінде танылып, мектеп ұжымына үлгі болып отыр. Асель Кулушпаева патронаттық тәрбиеге бел буған әр ата-анаға балаларды өз баласындай қабылдауға кеңес береді.
Семей қаласы №38 мектеп мұғалімі Светлана Мельницкая 11 жылдан бері екі жасөспірімді тәрбиелеп келеді. Өз ұлы оқуға кеткеннен кейін, ол аналық мейірімі мен жылуын зәру балаларға беруді жөн санаған. Қазіргі уақытта бұл балалар 9-сыныпта оқиды. Мұғалім педагогикалық қызметімен қатар өзінің панасына алған балаларға да қамқорлық жасап, оларға үлгі болып келеді.
«Біз балаларды алған кезде, олар небәрі 3-4 жаста еді. Үлкен жауапкершілікпен қарап, оларды жақсы адам етіп тәрбиелеуге тырысып келеміз. Олардың білімді және табысты болып өсуі үшін, біз барымызды салып, материалдық және рухани жағынан қолдау көрсетеміз», — дейді педагог.
Семей қаласы №7 лицейінің мұғалімі Асем Мусина биыл үш баланы өз қамқорлығына алды. Өзінің дүниеге әкелген төрт баласы бар. Ол педагогикалық дағдыларын жеті балаға бірдей қолдау көрсету үшін қолданады. Бұл шешім оның өміріне ерекше серпін беріп, шыдамдылық пен шексіз сүйіспеншілікке деген қабілетін шыңдауға септігін тигізген.
Семей қаласы №17 мектеп педагогі Жанар Кунафина 2018 жылы төрт жастағы қызды патронаттық тәрбиесіне алды. Отбасының толық мүшесіне айналып, отбасы мүшелері арасында берік байланыс орнады. Жанар Кунафина қызын оқу мен жеке жетістіктерінде белсенді түрде қолдап отырады. Өздігінен үй тапсырмаларын жақсы орындауға тырысып, қажет болған жағдайда көмек сұрайды. Оқыту барысында халық педагогикасымен байланысты әдістерге ерекше көңіл бөлінеді. Ол сондай-ақ мектеп тарапынан қолдау алады: тегін тамақ, оқу құралдары, би үйірмесі мен конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Ақсуат ауданы Тоғас батыр мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бакытгүл Нурсапина 41 жыл бойы мұғалімдік қызметте. Бауыры қайтыс болғаннан кейін, ұлдарын өз панасына алған. Оның бірі спортта табысқа жетіп, облыстық ат спорты жарыстарының жүлдегері атанса, екіншісі дзюдо спорт түрімен айналысады. Бакытгүл бұл шешімнің оңай емес екенін мойындайды, бірақ дұрыс шешім қабылдағанына ешқашан өкінбегенін жеткізеді.
Абзал жанды ұстаздар — ізгілік пен рух күшінің жарқын үлгісі. Олардың ерлігі мен жанашырлығы балалардың тағдырын өзгертуге, оларға отбасы мен жарқын болашақ сыйлауға болатынын дәлелдейді.
Абай облысының білім басқармасының баспасөз қызметі