Абай облысының мұғаліміне президент алғыс хаты табысталды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері, химия пәнінің мұғалімі Әйгерім Жұманова Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Көшпенділер мұрасын дәріптеген халықаралық шараға Әйгерім Жұманова Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, арқан тарту бойынша күміс жүлдеге ие болды. Ол Абай облысы, Үржар ауданы Таскескен ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Семей қаласындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепте химия пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Өзінің педагогикалық жолын ауыл мектебінде бастап, бүгінгі таңда кәсіби мұғалім ретінде де, спортшы ретінде де үлкен жетістіктерге жетті.
Әйгерім — арқан тартыстан бірнеше мәрте республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. Сонымен қатар жеңіл атлетика, самбо, дзюдо және үстел теннисі секілді спорт түрлерінен түрлі жарыстарда топ жарған. Бұған қоса, шахматтан облыстық жарыстарда үздік атанған.
Айта кетейік, марапаттау барысында 1 азамат «Парасат» орденінің, 7 адам «Құрмет» орденінің иегері атанды. Сонымен қатар 85 азаматқа «Ерен еңбегі үшін» медалі және 5 адамға «Шапағат» медалі табысталды.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі