Абай облысында мұғалім ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнап кабинет ашты

Мектеп жанындағы интернаты бар №42 жалпы орта білім беретін мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Батырбек Мырзабеков 1994 жылдан бері ұстаздық жолында қызмет етіп келеді. Спорт және дене тәрбиесі саласында жоғары деңгейлі маман ретінде танылған ол ұлттық спортты дамытуда және салауатты өмір салтын насихаттауда ауқымды еңбек сіңіріп жүр. Мұғалім есімі халықаралық «Лучшее в образовании» энциклопедиясына енген, сонымен қатар ол «Білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгілерімен марапатталған.

Ұстаздық қызметпен қатар, Батырбек Мырзабеков тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға үнемі көмек қолын созып келеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы емдеу-сауықтыру кабинетін ашып, оны қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етті. Сонымен бірге, ол жетім балалар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға да қолдау көрсетуді өз міндеті деп санайды.

Қайырымдылық іс-шаралары барысында Батырбек Мырзабеков қаланың өнерлі жастарын біріктіріп, қарттар мен балалар үйінде концерттер де ұйымдастырады. Бұл іс-шаралардан түскен қаражат сал дертіне ұшыраған науқастардың еміне жұмсалады. Сондай-ақ ол көмекке мұқтаж жандарға, ауыр дертке шалдыққан науқастарға қолдау білдіріп, еліміздің ақпараттық кеңістігінде де осындай істермен танылып жүр.

Батырбек Мырзабеков — өз мүддесінен бұрын қоғам игілігін жоғары қоятын азамат.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі