Қазақстан мен Қытай индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланды

 Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай үйлестіру комитетінің 21-ші отырысы өтті. Отырысқа ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және ҚХР даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Чжао Чэньсин тең төрағалық етті. Қазақстан тарапынан отырысқа ҚР СІМ Инвестициялар комитеті Төрағасының орынбасары Сұлтан Кинжақұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек және т. б. қатысты.

Іс-шара барысында тараптар комитеттің 20-шы отырысының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды және басым жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ басым жобалар тізбесін өзгерту, одан әрі индустрияландыру және 2025 жылға арналған ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды қарады.

Өз сөзінде Ә. Қуантыров Қазақстан-Қытай қатынастары бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге шыққанын атап өтті, бұған мемлекет басшыларының өзара сапарлары, соның ішінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммиті аясында ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстанға жасаған тарихи сапары дәлел. Бұл сапарлардың деңгейі екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық және жан-жақты сипатын көрсетеді.

«Биыл шілдеде Астанада өткен кездесу барысында біздің мемлекеттер басшылары индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықтың басым жобаларының тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті. Осылайша, 10 жыл бұрын басталған индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі диалог тетігі Қазақстан-Қытай қатынастарының «алтын 30 жылдығының» жаңа кезеңінде ерекше рөл атқаруды жалғастыруда», – деді министрдің орынбасары.

Осыған байланысты Ә. Қуантыров Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

«Қытай Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың жалпы көлемі бойынша жетекші орындардың бірін алады. Тек соңғы бір жарым жылдың ішінде біздің елдеріміз арасында бірқатар ірі инвестициялық іс-шаралар өткізілді, олардың шеңберінде 42 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 117 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бүгін біз 100 бірлескен инвестициялық жобаны, оның ішінде 14,5 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 45 жобаны іске асырамыз, олар 20-шы отырыстың қорытындысы бойынша басым жобалар тізбесіне кіреді. Біз ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын байқаймыз. Дегенмен, екіжақты өзара іс – қимылды кеңейтуде айтарлықтай әлеует бар», – деп атап өтті министрдің орынбасары.

Отырыс барысында тараптар энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, терең өңдеу, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларында бірлескен жобалар құруды қарастырды. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту және бірлескен Тізбеге енгізілетін инвестициялық жобаларды пысықтау сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.