Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған көрме ашылды
ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған «Ерлігін ел ұмытпайды» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш көрмеде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолын баяндайтын Орталық музей қорында сақталған фотоматериалдар мен марапаттары және т.б жеке заттары ұсынылды. Олардың қатарында батырдың майдангерлер Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Алексей Маресьевпен түскен суреттері, «Советский Казахстан» фильмінің режисері Р.Карманнің жазған хаттары, Рақымжан Қошқарбаевқа берілген ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі және бұрынғы Совет аудандық кеңесінің депутат куәлігі бар. Сонымен қатар, көрме экспозициясынан «Булатов, Қошқарбаев 674 СП» жазулары бар рейхстагқа тігілген тудың көшірмесін тамашалауға болады. Бұл туды 1989 жылы Германиядағы «ДЕФА» киностудиясы музей қорына табыстаған болатын.
Шараға батырдың қызы Әлия Рақымжанқызы, «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы генерал-майор Махмұд Өтегенұлы, әскери ғылымдар докторы, профессор Досай Қасымұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Алматы әскери-техникалық мектебі мен Алматы қаласындағы №140 гимназия оқушылары, К.Байсейітова атындағы музыкалык мектеп окушылары және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның студенттері, Алматы қаласының Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері мен белгілі мәдениет қайраткерлері қатысты.
«Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігіннің атынан Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100-жылдығына арналған медалімен батырдың қызы Әлия Рақымжанқызы Қошқарбаева және ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова марапатталды.
Ұлттық банк Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай коллекциялық монетаны шығарған болатын. Шара аясында осы монета музей қорына табысталды.