«Алматы тұлғалары» жобасы жалғасуда

Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығының бастамасымен 2024 жылғы 2 қазан сағат 11:30-да SmArt.Point орталығында, «Алматы тұлғалары» жобасының аясында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Халық әртісі, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері Дулыға Ақмолдамен кездесу өтті.

Кездесу мақсаты – өнердің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан қазіргі заманғы қазақ киносы мен театрының белгілі қайраткерінің шығармашылығымен танысып, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтардың, тәлім-тәрбиенің, ұрпақтар сабақтастығының қадір-қасиетін түсіндіру, дәріптеу болып табылады. Келелі жиында театр майталманы жастардың көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап беріп, өзінің өнерге қалай келгені турасында, ұлтжанды азамат ретінде толғандырып жүрген мәселелер жайында әңгімеледі.

Кездесу барысында жастардың қазақ кино өнері туралы ойларын сұрап,пікір алмасты. Қазақ кино өнері – Қазақстан мәдениетінің маңызды бір бөлігі, ұлттық өнердің айқын көрінісі. Қазақ киносының тарихы өткен ғасырдың ортасында басталып, бүгінгі күнге дейін үлкен жетістіктерге жетті. Кинематография арқылы қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, тарихын және қазіргі қоғамның шындығын бейнелеуге мүмкіндік жасауға болатынын актер тілге тиек етті.Кездесу жастардың естелік суретке түсуімен аяқталды.