Ғани Бейсембаев Жамбыл облысының дарынды оқушыларымен кездесті
Оқу-ағарту министрі мектеп парламенттерінің көшбасшыларымен, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, дебат турнирлерінің жүлдегерлерімен кездесті.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша өңірдің жүлде қоры түрлі зияткерлік додалардан 470 медальмен толықты. Одан бөлек жамбылдық 29 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болып, «Үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді.
Халықаралық беделді олимпиада жүлдегерлерінің арасында «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Марғұлан Шарел де бар. Ол Ұлыбританияда өткен IMO-2024 математикадан 65-ші Халықаралық олимпиадада ел намысын қорғап, күміс медаль олжалады.
«Жуырда ғана біз Ақордада болып, халықаралық пәндік олимпиадалардағы өз жетістіктеріміз үшін үлкен мақтаныш сезіндік. Президентіміздің, ұстаздарымның және ата-анамның қолдауы көңілге сенім ұялатады. Болашақта мен де еліміздің дамуына, оның ішінде отандық ғылымның қарыштауына өз үлесімді қосқым келеді», — дейді IMO-2024 олимпиадасының күміс жүлдегері Марғұлан Шарел.
Өз кезегінде министр мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың өзін өзі танытуына барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Президент бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы беріліп келеді.
«Сіздер еліміздің мақтанышы ғана емес, білімнің берік іргетасына қаланған және үздіксіз білім алуға ұмтылған зияткер ұлттың нышанысыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз қатар-құрбыларыңды білім алуға шабыттандырады, себебі сіздер көпке үлгісіздер. Мемлекет сендердің әрі қарай өсулерің үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп, жағдай жасауда. Сіздердің білімге ұмтылыстарыңыз тұтас ұлт үшін қозғаушы күшке айналады деп сенемін»,- деді Ғани Бейсембаев.
Кездесуде мектеп оқушылары министрмен емін-жарқын сұқбат құрды. Атап өту керек, биылғы жылы біздің оқушыларымыз әлемдік пәндік олимпиадаларда 26 медаль қанжығалап, робототехникадан әлемнің үш дүркін, химиядан екі дүркін чемпионы болды.