Дені саудың – жаны сау
Ұлт саулығы – кез келген мемлекеттің негізгі байлығы және дамуының іргетасы. Денсаулықты нығайту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, экономиканы күшейтіп, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Халықтың денсаулығы мен мемлекеттің өркендеуі арасында тығыз байланыс бар, себебі дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Денсаулығы мықты халық — еңбекке қабілетті халық. Дені сау адамдар жоғары өнімділікте жұмыс істеп, экономиканың әр саласында өз үлесін қосады.Халықтың денсаулығы жақсы болса, қоғамда әлеуметтік тұрақтылық сақталады. Денсаулық мәселелеріне байланысты шиеленістер азайып, қоғамдық байланыстар нығаяды. Сонымен қатар, салауатты өмір салты да қоғамдық мәдениеттің маңызды бөлігіне айналады.Халықтың денсаулығы – елдің демографиялық өсуінің маңызды факторы. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы денсаулық деңгейі болашақ ұрпақтың дені сау және білімді болуына ықпал етеді. Бала өлімі, аналар мен сәбилердің денсаулығы секілді көрсеткіштер де халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді.
Тұрақты даму мақсаттары – 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған және 2030 жылға дейін жүзеге асыруға бағытталған 17 ауқымды мақсаттар жиынтығы. Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты «жақсы денсаулық және әл-ауқат». Бұл мақсат тұрақты дамудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, себебі дені сау және жақсы өмір сүретін қоғам – экономикалық және әлеуметтік дамуға негіз бола алады. Ұлттың денсаулығы мемлекеттің өркендеуі мен болашағының негізі, ал «Дені сау ұлт» қалыптастыру еліміз үшін басты стратегиялық мақсаттардың бірі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінде денсаулыққа байланысты сабақтар мен дәрістер енгізілген, білім алушыларға салауатты өмір салтын ұстануды үйретеді. Білім беру жүйесі арқылы дұрыс тамақтану, гигиена, спортпен айналысу туралы ақпарат беру ұлт саулығын нығайтудың ұзақ мерзімді шараларының бірі болып табылады. Қоршаған орта адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Ауаның, судың, топырақтың ластануы – тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін басты факторлардың бірі. Осыған байланысты экологиялық мәселелерді шешуге, жасыл технологияларды дамытуға, энергияның тиімді көздерін пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажет.
Ұлт саулығы — елдің негізгі капиталы. Денсаулығы мықты ұлт қана жаңа биіктерге жетіп, халықаралық аренада өзін көрсете алады. Әрбір азаматтың өз денсаулығын қорғауы және нығайтуы арқылы мемлекет те дами түседі. Сондықтан денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар, алдын алу шаралары, білім беру және экологиялық жағдайды жақсарту – ұлт саулығын нығайтудың және ел болашағын жарқын етудің басты қадамдары.
Темірболат Нұрайша,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультеті қылмыстық құқық,
қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының аға оқытушысы