Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті қаржылық міндеттемелерін орындамаған борышкерлерге хабарлайды
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енген азаматтардан түскен өтініштер жиілеп кетті. Өтініштердің негізгі мазмұны бәс тігу бойынша ақшалай қаражатты қайтару және букмекерлерге қатысты тексеру жүргізуге қатысты.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты жоспардан тыс тексеруге жеке тұлғаның заң бұзушылық туралы өтініші болса, тиісті дәлелдер мен негізді айғақтар ұсынылуы қажет.
«Комитетке өтініш берген кезде бәс тігу фактісін растайтын материалдар (мысалы, бәс тігу тарихы, жеке кабинет скриншоттары және т.б.) қоса берілуі тиіс. Тиісті материалдар болған жағдайда, Комитет өтініштің мән-жайын зерттеп, заң бұзушылық жасаған ойын бизнесі ұйымдастырушыларына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесін қарастырады. Сонымен қатар Комитет Азаматтық кодекстің 8-бабына сәйкес, ешкімнің заңсыз әрекеттерден пайда табуға құқығы жоқ екенін еске салады. Бұл ереже борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғалардың өтініштерін зерделеу кезінде ескеріледі», – деді Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әділет Тұрғанбаев
Іс жүзінде, кейбір азаматтар тыйым салынғанына қарамастан, құмар ойындарға қатысуға тырысады. Мәселен, олар үшінші тұлғалардың шоттарын қолдана отырып немесе бәс жасалғаннан кейін eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы өзін-өзі шектеу тізіліміне тіркеледі. Мұндай азаматтар ұтылған жағдайда ойын бизнесі ұйымдастырушыларына ұтылған қаражатты қайтару туралы шағымданады, бірақ ұтысқа ие болған жағдайда ешқандай шағым жазбайды.
Комитет мұндай жағдайларда жауапкершілік Борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі өзінің мәртебесі туралы білетін құмар ойындарға қатысушыға да, сондай-ақ мұндай адамды тиісті тексерусіз ойынға қатысуға жіберген ойын бизнесі ұйымдастырушысына да жүктелетінін атап көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы шілдеде қабылданған «Құмар ойындар туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, міндеттемелерін орындамаған және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген азаматтарға құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынады. Тізімді мына сілтеме арқылы көруге болады: www.aisoip.adilet.gov
ҚР ТСМ Баспасөз қызметі