Soyle App — Қазақстанда алғаш рет сөз моделіне сүйене отырып жасалған көпфункциялы қолданбаның тұсаукесері

Назарбаев Университеті (НУ) жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Soyle App қолданбасының іске қосылғанын қуана хабарлайды. Бұл көпфункциялы қолданба сөзді тану, дауыс синтезі және ауызша сөз бен мәтінді төрт тілге (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Қазақстанның іргелі сөз моделіне сүйене отырып жасалған Soyle App қолданбасы — Қазақстан мен одан тыс жерлерде көптілді қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған жасанды интеллектінің озық өнімі болып, ISSAI зерттеушілері мен әзірлеушілері командасының бесжылдық жұмысының маңызды белесі.

Soyle App қолданбасы туралы

Қазақтың «сөйлеу» сөзінен шыққан атауы қолданбаның тілдік кедергілерді жоюға бағытталған маңызды міндетін айқын бейнелейді. Пайдаланушыға ыңғайлы әрі түсінікті көптілді қолдауды ұсынатын Soyle App сөзді тану, дауыс синтезі және қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде лездік аударма мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Бұл қолданба Қазақстанның дамып келе жатқан цифрлық кеңістігінде жан-жақты қатынас құралы ретінде қызмет етеді.

Қолданбаның негізгі функциялары

  • Сөзді тану, дауыс синтезі және аударма: Soyle App қолданбасының негізгі мүмкіндіктеріне сөздің дәл транскрипциясы, синтезделген дауыстың табиғи дыбысталуы және төрт тілдегі ауызша сөз бен мәтіннің лезде аударылуы жатады.
  • Түсінікті интерфейс: Soyle App қолданбасы қазақстандық пайдаланушылардың қажеттіліктеріне сәйкес жасалған, әрі пайдаланушыға аталған төрт тілдің бірінде ыңғайлы және түсінікті интерфейс арқылы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
  • Қолжетімділік: Soyle App қолданбасы интерактив қолданбаішілік мүмкіндіктер мен қолданбаны бағдарламалау интерфейсін (API) ұсынады. Бұл қолданбаның мүмкіндіктерін жеке пайдаланушылар мен бизнестің күнделікті міндеттерімен оңай бірлестіруге мүмкіндік береді.

Қолданбаның тиімділігі мен сапасы

Soyle App қолданбасының аударма сапасы FLoRes деректер жиынындағы BLEU көрсеткіштері арқылы өлшеніп, Google Translate, Yandex Translate және GPT-4o-дің аударма нәтижелерінен асып түседі. Бұл қолданбаның қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі аудармасының жоғары дәлдігін көрсетеді. Қолданбаны пайдалану ақысын қолданбаны пайдаланған мөлшеріңізге қарай төлейсіз. Бұл әртүрлі пайдаланушы қажеттіліктеріне икемді қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

ISSAI туралы

Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты — аймақтық сын-қатерлерге бейімделе отырып, озық жасанды интеллект шешімдерін жасауды көздеп отырған, Қазақстанның жетекші жасанды интеллект зерттеу мекемесі. Soyle App сияқты жобалар арқылы ISSAI Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын қолдап, технологиялық тәуелсіздікті ілгерілетеді әрі еліміздің жасанды интеллект инновациялары саласындағы орнын нығайтады.