«Бала тілі — бал»: Мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін қалай үйретеміз?

Қазіргі таңда заманның қарқынды дамуы ата-анаға бала тәрбиесі мен білім беруде жаңа талаптар қояды. Соның ішінде, ана тілінен бөлек, ағылшын тілін меңгерту — қажеттілікке айналып отыр. Әлемдік ақпарат кеңістігінде еркіндікке жол ашатын ағылшын тілі бүгінгі күні баланың болашақ мүмкіндіктерін кеңейту құралына айналуда. Осы орайда, мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін қалай тиімді үйретуге болады деген сұраққа жауап іздедік. Бұл туралы толығырақ ағылшын тілі мұғалімі Кемелова Әйгерім Наградқызы айтып берді.
— Мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін үйретудің ең тиімді әдістері қандай?
— Ерте жастан бастап ағылшын тілін үйрену балалардың ой — өрісінің кеңеюіне ғана емес, сонымен қатар балалардың миының дамуына да ықпал етеді. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін үйретудің әдістері мен құпияларына ерекше назар аудару керек. Мектеп жасына дейінгі балалардың өмірінің бұл кезеңі негізгі дағдыларды қалыптастырудың және жаңа ақпаратты игерудің кілті болып табылады, сондықтан осы кезеңде ағылшын тілін балаларға үйретуде дұрыс әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балалардың шет тіліне деген қызығушылықтарын арттыруға болады. Ағылшын тіліндегі түрлі флешкарталармен ойындар, рөлдік ойындар, саусақ ойындары, мнемотехникалар, әндер, тақпақтар — мұның бәрі ағылшын тілін меңгеру үшін қолайлы атмосфераны құруға көмектеседі.
— Баланың ағылшын тілін оңай үйренуі үшін ата-аналар қандай қадамдар жасауы керек?
— Ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін тиімді оқытуда шешуші рөл атқарады, баланың ана тілінде де, екінші тілде де еркін сөйлеуі үшін ата-аналардың қолдауы мен белсенді қатысуы қажет
— Бұл жаста тіл үйренуді бастау қаншалықты маңызды және тиімді?
— Ағылшын тілін ерте оқытудың маңыздылығы. Мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін ерте үйрету олардың тілдік дамуы үшін маңызды. Бұл жаста балалар жаңа ақпаратты оңай және тез қабылдайды, бұл тілді оңай меңгеруге ықпал етеді. Ерте жастан ағылшын тілін үйрену дұрыс айтылуды қалыптастыруға және когнитивті дағдыларды жақсартуға көмектеседі. Кішкентай кезінен бастап шет тілін қызығушылықпен үйренетін балалар, әдетте ұйымдастырылған іс –әрекет кезінде көбірек қызығушылық пен мотивация танытады, бұл олардың болашақта жаңа тілдік ортаға тез, әрі сәтті бейімделулеріне ықпал етеді.
— Балаларды ағылшын тіліне қызықтыру үшін қандай ойындар немесе әдістерді қолдануға болады?
— Балаларды ағылшын тіліне қызықтыру үшін ойын мен балалардың табиғи қабілеттерін пайдалану өте маңызды. Мектеп жасына дейінгі балалар ағылшын тілін оңай меңгере алады. Балалар үшін тіл – бұл ойын, еліктеу және жаңа әлемді ашу. Балалар ағылшын тілін тез игеріп, сөздік қорларын арттыру үшін мына құпияларды пайдалануға болады:
Ойын әдістері арқылы үйрету. Ойын әдістері – ағылшын тілін үйретудегі ең тиімді әдістердің бірі. Бұл әдістер тіл үйрену процессін балаларға қызықты және қолайлы етеді, балалардың тілді игеруге деген қызығушылықтарын арттырады және балалардың тілдік дағдыларын жетілдіреді. Ойындар арқылы балалар жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйреніп қана қоймай, қарым-қатынас, зейін және есте сақтау дағдыларын дамытады. Танымал ойын формаларына ассоциация ойындары, сөз іздеу ойындары, карта ойындары және әртүрлі рөлдік ойындар кіреді. Балалардың назарын аудару және олардың оқу процесін ынталандыру үшін ойындардың қызықты және әртүрлі болуы маңызды. Мен «Қызықты ағылшын» оқу іс-әрекеті барысында балалармен келесі ойындардың тіл үйретуде тиімді екенін байқадым, олар:
«Сharades» ( мимика арлықы көрсету) ойыны.
«Сharades» ( мимика арлықы көрсету) — бұл қызықты және қозғалысқа толы ойын, онда ойнаушылар сөздерді мимика, қимыл – қозғалыс және дыбыстар арқылы көрсетеді, ал басқа ойнаушылар осы ойынды табуға тырысады. «Сharades» ойыны балалардың шығармашылық қабілеттерінің жетілуіне ықпал етеді.
Ойын ережелері:
1. Топқа бөлу: ойыншыларды екі топқа бөліңіз.
2. Сөздерді таңдау: әр топ үшін сөздер тізімін дайындаңыз.
3. Кезегімен көрсету: бір топтан бір бала сөзді таңдап, мимика, қимыл-қозғалыс және дыбыстар арқылы көрсетеді, басқа топ ойыншылары осы сөзді табуға тырысады.
4. Уақыт: сөзді көрсету үшін уақыт шектеулі болуы мүмкін (мысалы: 1 минут)
5. Ұпайлар: сөзді дұрыс тапқан топ ұпай жинайды.
6. Жеңімпаз: ең көп ұпай жинаған топ жеңімпаз атанады.
«Memory game» (есте сақтау ойыны)
«Memory game» — бұл балалардың ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыратын және жаңа тақырыпқа байланысты жаңа сөздерді тез есте сақтауға көмектесетін керемет ойын.
Ойын ережелері:
1. Карточкаларды қою: барлық карточкаларды беті төмен қаратып, бір-біріне жақын қойыңыз.
2. Кезегімен ашу: балалар кезек-кезек екі карточканы ашады.
3. Есте сақтау: егер екі карточка бірдей болса, балалар оларды алып қояды, егер карточкалар әртүрлі болса, оларды қайтадан беті төмен қаратып қояды.
4. Жеңімпаз: көп карточка жинаған бала жеңімпаз атанады.
Балалар карточкаларды жақсы есте сақтай алатын болса, оларға қиын карточқаларды ұсынуға болады.
«Қызықты ағылшын» ұйымдастырылған іс-әрекеті барысында балалармен саусақ жаттығуларын да кеңінен қолдануға тырысамын. Саусақ жаттығуларын қолдану – бұл балаларға тілді игерудің ең тиімді және қызықты тәсілдерінің бірі. Саусақ жаттығулары тілдік дағдыларын ( сөйлеу, тыңдау, жазу, оқу) дамытуға және жаңа сөздерді есте сақтауға көмектеседі.
Саусақ жаттығуларының ерекшелігі қозғалыс пен тілді біріктіреді, яғни балалар жаңа сөздерді, сөз тіркестерін үйренгенде қолдары мен саусақтары қозғалады және оны айтады, тіл мен саусақ бірге жұмыс атақарады, бұл олардың есте сақтау қабілетін арттырады. Балалар саусақ жаттығуын ойын ретінде қабылдайды, сондықтан олар тіл үйренуді жақсы көреді. Балалар саусақ жаттығулары арқылы жаңа сөздерді есте сақтау үшін визуалды және кинестетикалық байланыс жасайды, сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілеттері артады.
Саусақ жаттығуларының мысалдары:
«Five little monkeys» (Бес кішкентай маймыл): балалар бес саусақтарын қолданып,
Five little monkeys jumping on the bed әнін айтады. Әр жол қайталанғанда бір саусақ түседі.
Five little monkeys
Jumping on the bed
One fell off and
Bumped his head
Momma called the doctor
Doctor said,
That’s what you get
For jumping on the bed.
Four little monkeys
Four..three… two…one
No little monkeys
They’re all sick with broken heads!
— Күнделікті өмірде ағылшын тілін үйрету үшін қандай сөздер мен фразалардан бастау керек?
— Күнделікті өмірде ағылшын тілін үйрету үшін, әсіресе кішкентай балаларға түсінікті және жиі қолданылатын сөздер мен фразалардан бастау маңызды.
Сәлемдесу және қоштасу:
• Hellо! (сәлем)
• Hi! (сәлем)
• Goodbye! (Қош бол)
• Good morning (Қайырлы таң)
• Good afternoon (Қайырлы күн)
• Good evening (Қайырлы кеш)
• Good night (Қайырлы түн)
• See you later (Кездескенше)
Негізгі сұрақтар:
• What is your name?
• My name is….
• How are you?
• I am ok, I am hungry, I am happy
• What is this?
• This is…
• What color is it?
• It’s…
• Who is this?
• This is my mom, dad, sister, baby
Сонымен қатар отбасы мүшелерін, түстерді, сандарды, үй жануарларын , жабайы жануарларды, пішіндерді, тағамдар атауларын үйретуге болады.
— Мультфильмдер немесе әндер арқылы тілді үйретудің пайдасы қандай?
— Мультфильмдер мен әндер – ағылшын тілін үйренудің тиімді және қызықты құралы. Оларды басқа әдістермен бірге пайдалану арқылы балалардың тілдік дағдыларын жедел жетілдіруге болады. Алайда кейбір шектеулер де бар, бәріміз білеміз ағылшын тілінен көптеген мульфильмдер, әндер бар, тіпті бәрін көргің келеді. Осы уақытты баланың денсаулығына кері әсерін тигізіп алмаған жөн, әсіресе көзіне, күніне 5-7 мин аралығында мульфильм көрсетсеңіз, жеткілікті. Мен ағылшын тілі барысында көбіне Super Simple Song әндерін қолданамын, әндер өте қызықты, тіл анық естіледі, баланың құлағына жағымды, көптеген кейіпкерлері бар, балалар қызыға қарап, әндерді жаттауға тырысады.
— Балалар көбінесе жаңа сөздерді ұмытып қалады. Мұндай жағдайда не істеу керек?
— Балалар жаңа сөздерді ұмытпауы үшін, үйренген сөздерді қабырғаға іліп қойсаңыдар болады, өз басым өткен тақырыптарға байланысты жаңа сөздерді сурет жүзінде қабырғаға іліп қоямын, сонда бала көп уақыт балабақшаға келмеген уақытында да, суретке қарап, сөзді есіне түсіреді.
Ағылшын тілін балаларға үйретуде сонымен қатар, мнемотехника әдісі керемет нәтиже беретінін байқадым. Мнемотехника мүмкіндіктері, яғни баланың көрнекілік –бейнелік есте сақтауын дамыту арқылы, баланың қызыға жаттауына, әрі қайталауында еш қиындықсыз есте сақтауында тиімді тәсіл болып табылады. Мнемотехниканың басты мақсаты балалардың ағылшын тілінен сөздік қорын дамыту болып табылады.
Мнемотехника әдісінде жаңа сөзді рифма жасау арқылы есте сақтауға болады, мысалы: «Cat» сөзін «cat sitting on the mat» (мысық кілемде отыр) деген қиялмен байланыстыру. Мнемотехниканың әртүрлі әдістерін ағылшын тілінде қолданып, өзіңізге ең тиімді әдісін табу қажет. Мнемотехниканы ойын түрінде қолдану арқылы ағылшын тілін оңай және қызықты етіп үйретуге болады.
— Баланы басқа тілде сөйлеуге ұялмайтын ету үшін қалай қолдау көрсетуге болады?
— Баланың басқа тілде сөйлеуге ұялмайтын ету үшін оған сенімділік пен қолдау көрсету өте маңызды. Баланың қателесуден қорықпай, еркін сөйле​й алатын ортаны қалыптастырыңыз. Бала ағылшын тілінде сөйлеуге тырысқанда оған қолдау көрсетіп, баланың әрбір кішкентай жетістіктерін мадақтаңыз және қолдаңыз.
— Тілді үйрену кезінде баланың шаршау немесе қызығушылықтың жоғалуы сияқты қиындықтарын қалай жеңуге болады?
— Балалардың қызығушылығын жоғалтпау үшін, ұйымдастырылған іс-әрекетіңізді түрлендіре біліңіз, балаларды тек ойын арқылы қызықтыра алатынымызды ұмытпауымыз қажет, ойындар балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырады және оларды тілді қолдануға ынталандырады.
— Аналар балаларымен бірге тіл үйрену үшін қандай қадамдар жасауы керек?
— Ата-ана үйде баласына тілдік ортаны құра алады, үйде бала ашық түрде ата-анасымен ағылшын тілінде сөйлеп, балабақшада өткен тақырыптарды қайталап, бірге бекітсе, бала үйренген сөз тіркестерін, қысқа фразалар мәңгі жадында сақаталады. Балаңызбен ағылшын тілінде сөйлесіңіз, оған ағылшын тілдегі кітаптарды оқыңыз, мультфильмдер көріңіз және ағылшын тіліндегі әндерді бірге тыңдаңыз. Ата-аналардың тіл үйренуге деген оң көзқарасы баланы ынталандыруда және оның ағылшын тілінде ұялмай сөйлей алуына деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
— Ағылшын тілін білмейтін ата-аналар балаларына қалай көмектесе алады?
— Ата –аналар балалармен бірге тіл үйрену үшін мұғаліммен кері байланыс жасағаны жөн, үйге берілген тапсырмаларды орындап, кешке үйде баламен сол тапсырмаларды орындаған жағдайда, балаңызға ағылшын тілінде онлайн ойындарды жүктеп, бірге орындауға тырысыңыз, флешкарталармен сөздерді баламен қайталап, бекітсеңіз, бала жақсы нәтижеге жетеді, сөздік қоры көбейеді, еркін сөйлеуге тырысады.
— Баланың тіл үйренуін күнделікті өмірге қалай сәтті енгізуге болады?
— Көптеген отбасы шет елдерге демалуға барады, сол кезді пайдаланып балаңызды шетелдіктермен сөйлестіруге тырысыңыз. Балалар сол кезде ашылып, ағылшын тілінде сөйлеуге тырысады, балаңыз сонда еркін сөйлеуге деген құштарлығы оянады, ағылшын тілін одан әрі үйренуге деген қызығушылығы артады.
— Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ағылшын тілін үйретуде тілдік орта құру қаншалықты маңызды?
— Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ағылшын тілін үйретуде тілдік орта маңызды рөл атқарады. Бұл орта баланың тілді табиғи жолмен, еш қорқынышсыз және қысымсыз игеруіне мүмкіндік береді. Тілдік ортада бала тілді қолдануға мүмкіндік алады, сөйлеу практикасын жасайды және сөйлеу қабілетін жетілдіреді. Бұл олардың тілді еркін меңгеруіне ықпал етеді. Бала тілді үнемі естіп отырғанда, оның тілді түсіну қабілеті артады. Қызықты және қолайлы тілдік орта балада тіл үйренуге деген ынтаны арттырады. Дегенмен, тек тілдік ортаға жеткіліксіз. Сапалы оқыту, қызықты ойын түрлері, дидактикалық ойындар, көрнекіліктер және баланың жеке қабілеттерін ескеру маңызды. Тілдік орта осы факторлармен бірге қолданылғанда жақсы нәтиже береді.
— Балабақша немесе арнайы тіл курстарының баланың тіл үйренуіне әсері қандай?
— Балабақшада тіл курстарының болуы ағылшын тілін үйренуге тек жақсы әсерін береді, себебі ағылшын тілі курстарына барған бала өзіне сенімді, сөздік қоры жоғары деңгейде екені бірден байқалады. Тілдік курстарда ұялшақ балалар ашылып, өз тілдік қабілеттеріне сенімділік пайда болады және жыл соңында жақсы нәтиже көрсетеді.
— Ағылшын тілін үйренуге сіз ұсынатын ТОП 5 кітап?
— Family and friends starter
— English adventure
— The very hungry caterpillar
— Where is Spot?
— Beehive starter
Спикердің пікірінше, мектепке дейінгі жастағы балаға ағылшын тілін үйрету – бұл болашаққа жасалған маңызды қадам. Ерте жастан тілге баулу баланың ойлау қабілетін дамытуға, жаңа мәдениет пен білімге деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы, ата-ана мен мұғалім бірлесіп, тілді үйрену үдерісін бала үшін қызықты және жеңіл етуді басты назарда ұстауы қажет. Әрбір баланың өзіндік ерекшелігін ескеріп, білім берудің тиімді тәсілдерін қолданған жағдайда, олар ағылшын тілін игеріп қана қоймай, оны күнделікті өмірде де қолдана алатын болады.
Баланың болашағы – бүгінгі білімге салынған еңбектің нәтижесі екенін ұмытпаған жөн.