Елордада Nomad Ballet премьерасы ұсынылды

Өткен жексенбіде «Астана Опера» өз көрермендерін Nomad Ballet премьерасымен қуантты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында таныстырылған ұлттық нөмірлер елордалық театрдың қазақ биіндегі хореография тілінің жаңа формаларын іздеудегі талпынысын көрсетті.

Nomad Ballet бағдарламасы аясында өнер сүйер қауым Сұлтанбек Ғұмар, Алмат Шәмшиев, Анвара Садықова сынды отандық хореографтардың, сондай-ақ шетелдік балетмейстер Патрик де Бананың шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды.

– Бүгінгі кеште ұсынылған хореографиялық нөмірлерден көп ой түйдім. Әсіресе театр әртістері Лимара Айдарова мен Руслан Қанағаттың орындауындағы жас хореограф Сұлтанбек Ғұмардың «Mangurt» миниатюрасы қатты ұнады. Бұл қазіргі қоғамға нағыз қажет нөмір екен. Өкінішке қарай бүгінгі заманда адамдар рухани құндылықтарға емес, материалдық қажеттіліктерге көбірек көңіл бөледі. Кітап оқып, театрға баратын жандардың қатары сиреді, есесіне телефонға телмірген жандардан көз сүрінеді. Мұның барлығы келешекте қоғамның рухани жүдеуіне алып келуі мүмкін. Сондай-ақ Алмат Шәмшиевтің хореографиясындағы «Дем» нөмірі өзіме зор әсер еткенін айтқым келеді, одан нағыз ұлттық нақышты байқадым. Театрдың осындай дарынды мамандарды өсіріп, олардың жұмыстарын сахнада көрсетуіне мүмкіндік беріп жатқаны өте дұрыс, – деп пікірімен бөлісті көрермендердің бірі Айым Мұханбетжанова.

Қоюшы хореографтардың ойын сахнада шебер жүзеге асыра білген «Астана Опера» балет труппасының әртістеріне көрермендер залдан ду қол шапалақ жаудырды. Әмина Кисембаева мен кордебалеттің орындауындағы Анвара Садықованың Steppe Sons альтернатив-фолк тобының музыкасына «Сарматтық абыз әйел» миниатюрасы, сондай-ақ Ислам Қайыпбайдың орындауындағы Сұлтанбек Ғұмардың «Рух» нөмірі залдың атмосферасын қайсарлық пен патриоттық рухқа толтырды.

Сұлтанбектің өзі сахнаға «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына Патрик де Бананың қойылымындағы «Қилы заман» нөмірімен шықты. Халқымыздың егемендікке жету жолында көрген қиындықтары баяндалатын қойылым кештің мазмұнын тамаша толықтыра түсті. Сондай-ақ осы керемет хореографтың «Дала үні» балетінен дуэттерді орындаған Шұғыла Әдепхан мен Диас Құрманғазы, Олжас Тарланов пен Әсел Шайкенова көрермендерге махаббат күші мен бабалар даналығын жеткізді.

Алмат Шәмшиевтің «Дем» хореографиялық миниатюрасының премьерасы кештің ерекше оқиғасы болды. Әртістер Бекзат Орынбаев, Райымбек Болат пен Досхан Зәйдін әрбір қимылдың мінезін үйлесімді жеткізе білді. Бұл қойылым өзінің эмоциялық мәнерлілігімен және терең мазмұнымен барлығының есінде қалды.

Сондай-ақ көрермендер Н.Римский-Корсаковтың музыкасына М.Фокиннің хореографиясындағы «Шехеразада» балетімен рақаттана алды. Алтын құл мен Зобеиданың басты партияларын балет труппасының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Әнел Рүстемова керемет орындады. Дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің үні әдеттегідей мінсіз естілді.

Туған театрда көпшіліктің қошеметіне бөленген «Астана Опера» балет труппасы енді әйгілі «Дубай Опера» сахнасына шығуға дайындалуда. Мұнда ұжым ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 19, 20, 21 және 22 желтоқсанда Юрий Григоровичтің қойылымындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін ұсынатынын еске саламыз.