ҚМА бюджет қаражатын ұрлауға жол бермеу шараларының нәтижесінде 103 млрд теңге үнемделді

Мемлекет басшысының бюджет қаражатының жұмсалуын барлық кезеңдерінде бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Қаржылық мониторинг агенттігі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды салу кезінде жобалау–сметалық құжаттаманы талдау жолымен артық шығындар тәуекелдерін барынша азайту бойынша жұмыс жүргізуде.

Осы жұмыстың арқасында жыл басынан бері 61 құрылыс жобасы бойынша шығындар қысқартылды, бұл мемлекетке шамамен 103 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

Мәселен, Қарағанды облысында «Қарағанды Су» ЖШС негізгі су тазарту құрылыстарының блоктарын қайта жаңарту» жобасының ЖСҚ әзірлеу сатысында құбыр бұйымдарының 5 түрінің артық құны анықталды.

Бағаны асыру ұқсас тауарлардың бағасын және басқа жеткізушілердің балама ұсыныстарын салыстыру арқылы анықталды.

Атқарушы органмен бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша жобаның мәлімделген сметалық құны 6,1 млрд теңгеге төмендетілді.

Басқа жағдайда, Ақтөбе қаласында «Моисеевкий су тартқышының құрылысы» жобасын іске асыру кезінде су резервуарларының көлемі азайтылып, бұл 827 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді (шығындар 929 млн теңгеден 102 млн теңгеге дейін төмендетілді).

Резервуарлар көлемінің өзгеруі құбырлар мен сорғылардың мөлшерін өзгертуге себеп болды, соның нәтижесінде үнемдеу шамамен 20 млрд теңгені құрады.

Осыған ұқсас жұмысты ҚМА еліміздің барлық өңірлерінде жүргізуде.

Айта кетейік, ҚМА бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және қылмыстық жауаптылыққа тартпай, ерте кезеңде жымқыру тәуекелдерін болдырмау арқылы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында мемлекет пен адал бизнестің мүдделерін қорғауға бағытталған.