«ТҰРАН ТАУЛАРЫ» халықаралық симпозиум-пленэрі көрмесінің ашылады
2025 жылдың 10 қаңтар күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған «ТҰРАН ТАУЛАРЫ» халықаралық симпозиум-пленэрі көрмесінің ашылуы мен көрме каталогының тұсаукесер салтанаты өтеді. Көрмеде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей қылқалам шеберлерінің 80-нен астам туындылары ұсынылады.
2024 жылы ұйымдастырылған «Тұран таулары» халықаралық симпозиум-пленэрі көрнекті суретшілер Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналды. Жоба Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей суретшілерін біріктірген Орталық Азияның мәдени өміріндегі жарқын оқиға болды. Симпозиум-пленэр түркі елдері арасындағы шығармашылық алмасу мен мәдени байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, түрлі бағыттар мен стильдерде жұмыс жасайтын бірнеше буын суретшілерінің өзара тәжірибе алаңына айналды.
Халықаралық жоба Болатбек Дәлелханұлының «АRменТЕК» қорының қолдауымен өтті. Қор қызметінің саласы қоғамды жан-жақты дамытуға бағытталған мәдени-әлеуметтік жобаларды іске асыру болып табылады. Симпозиум-пленэр Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың өнердегі дәстүрлерін жаңғыртып, олардың шығармашылығынан алған әсер мен рухани мұраға құрметпен қоса, қылқалам шеберлеріне шабыт сыйлап, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Жоба алғаш рет үш түрлі географиялық алаңда өткізіліп, бірнеше айға созылды. Олардың әрқайсысы іс-шараның шығармашылық атмосферасына үлес қосты. Шілде айында суретшілер Ыстықкөлдің тыныш, сұлу табиғатымен шабыттанып, қырғыз жерінің көркем пейзаждарын бейнеледі. Тамызда пленэрдің келесі кезеңі Қазақстанның Тянь-Шань тауында орналасқан Кеген ауданына қарасты Меркі жайлауында өтті. Бұл жерде суретшілер дала мен таулардың ұлы бейнесін, олардың ерекшеліктері мен бай табиғатымен үндестікте жұмыс жасады. Ал қазан айында, Өзбекстанның мәдени және сәулет мұралары болып табылатын, Орта Азияның тарихи қалалары – Самарқанд, Бұхара және Ташкентте суретшілердің пленэрі жалғасын тапты. Бұл үш қала да орталық Азияның рухани тірегіне айналған, ғасырлар бойы өнер мен мәдениеттің ошағы болған мекендер. Әрбір суретші өзінің қалыптасқан стилінде жұмыс істей отырып, түрлі пішін мен қызықты композицияға құрылған туындылар жазды.
Елге, жерге деген шынайы махаббат өз елінің ерекше және әдемі жерлерін зерттеу мен білуден басталады. Туған өлке табиғатының ғажайып сұлулығы көптеген суретшілер үшін сарқылмас шабыт көзі екені сөзсіз. Олардың әрқайсысын жазу барысында табиғатты қаз-қалпынша көшірмей, шығармашылық тұрғыда зерттеп, оның сұлулығы мен ұлылығын танып білуге тырысады. Осы орайда қылқалам шеберлері Ғ. Баянов, А. Даутбаев, Х. Файзуллин, А. Уткин, Ю. Шыгаев, А. Шаржанов, Е. Палымбетов, Ж. Натбаев, Б. Арыков, Н. Сауытбеков, Ш. Батан, А.Кашкарбаев, Д. Бекназаров, Ж. Молдабков, А. Қабылбек және Ө. Аяттың туындылары айрықша тартымды, әрқайсысының өзіндік колориті, шындықты жазудағы мәнері бар.
Көптеген суретшілерді қала тақырыбы, қала көріністері қызықтырады. Бұл пейзаждарда көне сәулеттік ескерткіштер мен ескі көшелер, қаланың тыныс-тіршілігі мен шығыс базары бейнеленген. Суретшілер көне шаһарлар Ташкент, Самарқанд және Бұхараның сан қырлы бейнесін шынайы жылулықпен және үлкен сүйіспеншілікпен көрсете алды. Олардың қатарында Ф.Ахмадалиевтің «Бұхара», С. Рахметовтің «Ляби-Хауыз басында», Ғ. Баяновтың «Айлы түн», Ж. Қайрамбаевтың «Бұхара», С. Осмоналиевтің «Бұқарада», Г. Баймухановтың «Бұхарадағы кеш», З. Мелиевтің «Таң», Ж. Натбаевтың «Талтүс. Әңгіме», Н. Диеровтың «Таңсәрі» және С. Торобековтің «Бұқара кеші» туындылары табиғат күйінің, жарық әсерлерінің, колориттік өзгешеліктердің және жаңа композициялық шешімдерді табудың шынайы көріністері болып табылды. Кенепке түсірілген әрбір көрініс табиғаттың әсемдігін ғана емес, оның адам жанына әсерін терең жеткізеді.
«Тұран таулары» симпозиум-пленэрі – көрнекті суретшілердің шығармашылығын, олардың көзқарастары мен идеяларын танытуға арналған ауқымды іс-шара. Бұл халықаралық жоба тек Орталық Азияның өнері мен тарихымен терең байланысы бар бірегей қылқалам шеберлері Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевқа құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар еліміздің өнері мен мәдениетін сақтау, дамыту және насихаттау жолындағы маңызды қадам болды. Пленэрге қатысушылардың әр елдің рухымен және өткенге деген құрметпен қаныққан заманауи жұмыстары арқылы қазіргі бейнелеу өнері дамуын жалғастырып, тарихи және мәдени дәстүрлер контекстінде жаңа үн таба береді деп сенеміз.
Экспозиция қаңтар айының 23-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі — Мамытова Самал