Қазақстан 2025 жылы ҚХР-дағы ең перспективалық туристік бағыт деп танылды

Қазақстан «2025 жылғы ең перспективалық жаңа бағыт» марапатын иеленді. Бұл беделді аталым «Kazakh Tourism» компаниясына Қытайдың жетекші онлайн-туристік агенттігі Tongcheng Travel тарапынан берілді.

Tongcheng Travel – Қытайдағы ең ірі онлайн-туристік агенттіктердің бірі және саяхатты жоспарлауға арналған кешенді қызметтерді ұсынады. Бұл платформаның 230 миллионнан астам қолданушысы бар. Онлайн-агенттік деректеріне сүйенсек, 2024 жылы қытайлық туристер арасында Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 300% арта түскен. Tongcheng Travel бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасады деп болжайды.

«Туризм жылы аясында Қытай туристерінің қатары шамамен екі есе артқанын және Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныстың айтарлықтай өскенін байқадық. Біз бұл үрдісті қолдап, Аспан асты елінің жетекші онлайн-платформаларымен ынтымақтастықты кеңейтуді діттеп отырмыз», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқармасы төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы нәтижесінде ҚХР келген туристер легі 78% ұлғайып, 655 мың адамды құрады. Бұл Қазақстанның табиғи ландшафттарына, тарихи ескерткіштеріне және мәдени мұраларына деген ерекше қызығушылықты көрсетеді.

Атап өткен жөн, беделді британдық Lonely Planet басылымы Қазақстанды 2025 жылы саяхаттауға арналған үздік елдердің қатарына қосты. Сонымен бірге CNN Travel Алматы қаласын биыл саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енгізді.