Алматыда Қазақстан чемпионаты басталды
2025 жылғы 15 қаңтарда Алматыдағы «Атакент» ҚІЫО № 9 павильонында 6 жастан 18 жасқа дейінгі жеті жас санатындағы юниорлар арасында уақыт бақылаудың барлық нұсқасы – стандартты (классикалық), жылдам (рапид) және шапшаң (блиц) бойынша шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды.
«Бұл турнир қазақстандық шахматтың болашақ жұлдыздарына өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, 2025 жылы өтетін беделді халықаралық жарыстарға еліміздің атынан қатысу құқығына ие болуға жол ашады. Мұның өзі әр ойыншы үшін үлкен мәртебе! Біз дарынды балаларымызға осындай мүмкіндік жасауға шын жүректен қуаныштымыз және табысқа жету жолында оларға барынша қолдау көрсетеміз. Осы чемпионат жаңа шахмат маусымын ашып отыр және оның аясында біз көптеген жарқын жеңіс пен жетістіктердің куәсі болатынымызға сенімдімін. Біз болсақ, өз тарапымыздан Қазақстанның әлемдік алаңдағы шахмат позициясын одан әрі нығайту үшін қажеттінің барлығын жасай береміз», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының Президенті Тимур Турлов.
2024 жылы қазақстандық юниорлар Әлем, Азия және Батыс Азияның юниорлар мен мектеп оқушыларының арасындағы чемпионаттарында 121 марапат: 49 алтын, 38 күміс және 34 қола медаль жеңіп алды! Сондықтан Жаңа 2025 жылдағы бірінші чемпионаттың ерекшелігі – онда осы турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің көптеген санатында бәсекелестік орнайтыны, демек, сайыстың айрықша тартымды өтетіні, ал жеңістің маңызы ерекше болатыны заңдылық.
Жас шахмат таланттары байқауының салтанатты ашылуы чемпионатқа қатысушылардың өздері – Дилайла Сәдуақасова, Лейла Ким, Әдия Жеңіс, Әли және Аят Насановтар, Арсен Байжұманов пен Айбибі Көшербайдың орындауындағы «Қазақстандық жас шахматшының әнұранынан» басталды.
ҚР Мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Сағынтайұлы Есенов, шахматтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев және KazChess/ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.
Ашылу салтанаты тым ресми болып көрінбеуі үшін іс-шараға қатысушылар сөз сөйлегеннен кейінгі үзіліс кезінде көрермендерге шахмат ребустары түріндегі викторина жұмбағын шешу ұсынылды. Өз өнерін көрсеткен әйгілі көз байлаушы Михаил Гуторов қатысушыларға көп жұмбақ қойды.
Содан кейін міндетті рәсімге айналған античитерлік тексеруден кейін қатысушылар шахмат тақталарына отырды да, VIP қонақтар фавориттер ойнайтын партияларда символдық жүріс жасады… сөйтіп Үлкен ойын басталды!
Естеріңізге сала кетейік, чемпионатқа қатысушылардың арасында қазір U12 жас санатында ойнайтын 2023 жылғы әлем чемпионы (U10) Данис Қуандықұлы және 2024 жылғы әлем чемпионы (U12) Марк Смирнов (U14), 2023 және 2024 жылғы әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Айару Алтынбек пен Ханзада Аманжол (екеуі де – U14), Елназ Қалиахмет, Эдгар Мамедов және Сауат Нұрғалиев (барлығы да – U16) бар.
Сондай-ақ фавориттердің қатарында былтыр юниор медальдарының ең үлкен топтамасын – 7 медаль жинаған Мария Холявко (U14), рапид бойынша 2024 жылдың әлем чемпионы Алиша Бисалиева (U8), 2024 жылғы Әлем кубогының жеңімпаздары Милана Филиппова мен Ризат Ұлан (екеуі де – U10), Азия-2024 чемпионы және 2024 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы Нұрәлі Болашақов (U12) бар. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады…
Барлық чемпионатта швейцариялық жүйе бойынша 9 тур өтеді:
— 15–22 қаңтар, классика 90+30 (әр қатысушыға бір партияға 90 минут беріледі және жасаған әр жүрісі үшін біріншісінен бастап 30 секунд қосылады);
— 23–24 қаңтар, рапид 15+10;
— 25 қаңтар, блиц 3+2.