Абай облысы «Жас ұлан» ерлер лицейінің түлегі ерлік көрсетті
Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында көпқабатты үйде болған өрт кезінде Асет Сәкенов батырлық танытты. Ол – Абай облысы Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 2020 жылғы түлегі.
Асет өрт шыққан үйдің 5-қабатынан қарияны аман алып шықты. Балконнан жалынды байқап, алдымен өрт сөндірушілерге хабар беріп, кейін пәтерге көтеріліп, қарияны қауіпсіз жерге шығарған. Сондай-ақ өрт сөндірушілер келгенше эвакуация жұмыстарына көмектескен. Лицей түлегі батылдығы мен жылдам әрекетінің арқасында бір адамның өмірін құтқарып қалды.
Қазіргі таңда Асет — Ресейдегі Воронеж қаласындағы профессор Жуковский және Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясының 5-курс курсанты. Оның ерлігі үшін Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс департаменті Алғыс хатпен марапаттады.
Асет нағыз азаматтық борыш пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Оның ерлігі – баршаға өнеге. Бұл оқиға лицейдің білімді ғана емес, нағыз елжанды азаматтарды тәрбиелеп шығаратынын көрсетеді.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі