«Гүлдер құшағында» жеке көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде суретші Лея Санатаның «Гүлдер құшағында» жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Анна Викторқызы Кущенко ашты. Ол өз сөзінде: «Орталық музей жаңа жылдағы алғашқы көрмесін гүлдер әлемінен бастады. Символикалық мәнге ие бұл көрме мейірімділік пен нәзіктікке толы. Сондай-ақ аса тартымдылығымен әрі жарқын түстерімен ерекшеленеді. Туыңдылардың тақырыптары да өте әсерлі. Баршаңызды суретшінің ішкі қуаты мен тереңдігін паш ететін көрмені тамашалауға шақырамыз» — деді.

Сонымен қатар, суретші Лея Санатаның арнайы өкілі және арт менеджері Ксения Ладужина сөз алып, аталмыш көрмені ұйымдастыруға атсалысқан музей ұжымына алғыс білдірді және көрме авторының жүрекжарды лебізін жеткізді.

Өнертанушылар Лея Санатаның стилін Grand Genre, яғни «жоғары жанр» десе, сарапшылар оның кескіндемесін жаңа сюрреализмге жатқызады.

Италия, Түркия, Дубай елдерінде үлкен жетістікке жеткен көрме Қазақстанда тұңғыш рет ашылып отыр.

▫Лея Санатаның кескіндемесі әйел адамның бейнесін әр жетістігінде шексіз кемелдене гүлдейтін сан қырлы нәзік гүлмен салыстыра отырып бейнелейді. Әйел — бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ана, данышпандықтың, ішкі ұлы күштің көрінісі. Оның әрбір шығармасы әйел адамның ұлылығына арналған. Себебі, өзі де өмірінің әр сәтінде бүр ашқан гүлдей, бойына нәзік сезім мен ұлы дарынды сіңірген.

▫Лея Санатаның 40-тан астам бірегей шығармалары жинақталған жеке көрмесі әрбір өнерді бағалайтын жандар үшін жарқын оқиғалардың бірі. Бұл әрбір бояу махаббат, нәзіктік пен ұлылықтың үйлесімділігі, жылу мен жарыққа толы әйел жанының терең сырын ашатын хош иісті гүлдер әлеміменетене танысуға мүмкіндік береді.

Көрме 29-қаңтарға дейін жалғасады