2025 жылдың алғашқы алты айында Польша Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық етеді
2025 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымға дейін Польша Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық етеді. Польша төрағалығы серіктес елдермен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, сонымен қатар Орталық Азия елдерімен (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан) және Әзірбайжанмен ынтымақтастықты кеңейту бойынша шаралар қабылдауға ниетті. Сондай-ақ, Польша төрағалығы ЕО-ның ең маңызды жетістіктерінің бірі болып табылатын Шенген келісімінің 40-жылдығымен сәйкес келіп отыр. Бұл маңызды кезең Шенген аймағына қатысты басымдықтарды белгілеп, оның тиісті басқарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Польша өз төрағалығының аясында Шенген елдерінің ішкі шекараларында уақытша шекаралық бақылауды енгізу мәселесін қарастырмақ.
Еуропалық Одақ Кеңесінің төрағалығы әр алты ай сайын ЕО-қа мүше 27 мемлекет арасында ауысып отырады. Төрағалық етуші ел Кеңестің жұмысын басқарады, сондай-ақ ЕО-ның басқа институттарымен келіссөздерде барлық мүше мемлекеттердің атынан әрекет етеді.
Польша Еуропалық Одақ Кеңесіндегі төрағалығын 2025 жылдың 1 қаңтарында бастап, 30 маусымына дейін жалғастырады. Алдағы алты айда Польша 300-ден астам ресми отырыстар, оның ішінде ЕО министрлерінің 22 бейресми кеңесін өткізеді. Алғашқы төрағалығынан он үш жыл және ЕО-ға мүше болып кіргенінен жиырма жылдан кейін Польша қазіргі құбылмалы әрі алаңдаушылыққа толы жағдайға төтеп беру мақсатында еуропалық қауіпсіздікті оның барлық салаларда (сыртқы, ішкі, ақпараттық, экономикалық, энергетикалық, азық-түліктік және денсаулық сақтау жүйесіндегі) нығайтуға бағытталған төрағалық бағдарламасын ұсынады. Сонымен қатар, Польша мемлекетінің төрағалығы институционалдық кезеңнің басталуымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл мақсаттар қоюға, шешімдер ұсынуға және алдағы бес жылға арналған үдерістерді бастауға мүмкіндік береді.