Байғали Серкебаев: «Алматының орталығында әкемнің ескерткішінің бой көтергені ерекше қуантады»
Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі ғимаратының алдында қазақтың көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды. Биіктігі 2,4 метр болатын қола фигура гранит тұғырға қойылған. Әнші фортепиано жанында тұрып, қолын көтеріп, ән немесе ария орындағандай бейнеленген.
Ескерткіш авторлары –отандық мүсіншілер Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов, Ақылбек Орманбеков және Қуаныш Асылбай.
Ермек Серкебаев – дарынды музыканттар әулетінің негізін қалаушы. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстанның халық әртісі, дирижер, музыкант, композитор Мұрат Серкебаев; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, музыкант, «A’Studio» тобының жетекшісі Байғали Серкебаев; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы, музыкант Жамиля Серкебаева қатысты.
«Ермек Серкебаевты Ресейдің Үлкен театрына және Миландағы Ла Скалаға ән айтуға шақырды. Бірақ әкем Алматыны ессіз жақсы көрді. Ол бұл қаланы ешқашан жер бетіндегі ешбір қалаға айырбастамас еді. Сондықтан Алматының орталығында оның ескерткішінің бой көтергені ерекше қуантады. Ол бізбен бірге, жүрегімізде мәңгі сақталады» — деді опера әншісінің ұлы Байғали Серкебаев.
Ермек Серкебаев өмірден озғалы оның туған-туыстары оның есімін мәңгілікке қалдыруға шын ниетпен ниет білдірді.
«Ол жаны мен жүрегінде болғанның бәрін шығармашылық өміріне салды. Қазақстан мәдениетіне зор үлес қосты. Студенттер де, жанкүйерлер де, көрермендер де, тыңдармандар да оған тәнті болып, жақсы көрді. Ең қиын партияларды әлемдік деңгейде жоғары орындады. Біз оны жайдарлы, ашық, шыншыл адам ретінде еске аламыз. Ермек Серкебаев гастрольдік өміріндегі күлкілі оқиғаларды әзілмен айтып беруді білген. Ол оқиғаны нағыз театр актерындай жарқын бояумен айтып берді. Елінің біртуар перзенті еді. Қауырт жұмысына қарамастан, отбасы мен достарына үнемі уақыт табатын», — деп бөлісті әншінің жиені Жәмилә Серкебаева.
Ермек Серкебаев қазақ опера өнерінің даңқын әлемдік сахналарға шығарып, дарынды шәкірттердің тұтас бір галактикасын дайындады. Оның ұстаздық қызметі Қазақстанның вокалдық өнерінің дамуына зор үлес қосты. Оның көптеген шәкірттері ұстазының ісін жалғастырып, атақты орындаушы болды.
Ермек Серкебаев жоғары кәсіби шеберлік пен өнерге деген адалдығын таныта отырып, жас буын өнерпаздарға шабыт берді. Оның күш-жігерінің арқасында қазақ операсы халықаралық аренада танылып, еліміздің мәдениеті әлемдік қауымдастыққа жақындай түсті.
Ермек Скеркебаев 2013 жылы 88 жасында өмірден озды. Шығармашылық жолының соңына дейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисті болды.
Фотосуреттер авторы: Даурен Исаев