Үш азамат жалпы айналымы 681 млн теңгені құрайтын цифрлық активтердің заңсыз айналымы үшін сотталды
ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті цифрлық активтерді заңсыз айналымға шығару фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Үш азамат тиісті лицензиясыз криптовалюта қабылдау және айырбастау операцияларын жүргізген. Олар криптовалюта биржаларынан алынған қаражатты пайдаланып, криптокошелек арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айырбас операцияларын жүзеге асырған. Қазақстан Республикасының аумағында қызметі тыйым салынған криптобиржалар арқылы жасалған бұл операциялар заңсыз болды.
Заңсыз айырбас операциялары нәтижесінде схеманы ұйымдастырушылар цифрлық активтерді ұлттық валютаға айырбастаған. Жалпы айналым сомасы 681 млн теңгеден астам.
380 адам осы үш азаматпен криптовалюта бойынша транзакциялар жасағаны анықталды, бұл іс-әрекет банктік шоттардан алынған үзінділермен расталды.
Сот үш күдіктіге қатысты шешім қабылдап, оларды 2,5 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мүліктерін тәркілеуге шешім қабылдады.
Құны шамамен 400 млн теңгені құрайтын мүлік тәркіленді, оның ішінде 10 млн теңге көлемінде активтер, 150 млн теңге бағасындағы жылжымайтын мүлік, жалпы құны 213 млн теңге болатын бес көлік, 12 млн теңге тұратын квадроцикл және қымбат компьютерлік жабдықтар бар.
Мұндай құрылымдар өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан, олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады.
Мысалы, осындай схемалар арқылы 2024 жылы 10 миллиард теңгеге есірткі табыстары шығарылған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Цифрлық активтер туралы» Заңына сәйкес елдегі цифрлық активтердің айналымына қатысты кез келген қызмет лицензияны қажет етеді.
ҚМА қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.
Егер экономикалық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтеріңіз болса, «АФМ Insider» телеграм-ботына хабарласыңыз.
Анонимділік кепілденген.