«Ұлы дала – 2024» сериясымен шыққан шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының кітаптарының тұсаукесері өтті

Астана қаласында ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы Дала – 2024» шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының халықаралық шығармашылық байқауының жеңімпаздарына арналған 9 кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған жоба аясында 2023 жылы 10 кітап жарық көрген еді.

Шараның мақсаты – шетелдегі этникалық қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын қолдау, олардың еңбектерін қалың аудиторияға таныстыру және қазақ мәдениетінің бірегейлігін сақтап, нығайту.

Шараға ҚР Парламенті депутаттары, қоғам қайраткерлері, кітап авторлары, Қазақстан Жазушылар одағы мен Отандастар қорының басшылығы қатысты.

Шара барысында шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының шығармашылық еңбектері алғаш рет қазақ оқырмандарына ұсынылды. Кітаптар қазақ әдебиетінің байлығын көрсетіп, шетелдегі этникалық қазақтардың ұлттық бірегейлігін сақтауға бағытталған.

2024 жылы байқау жеңімпазы атанып, шығарылған кітаптар:

  1. «Қобданың қоңыр желі» – Рысбек Зұрғанбайұлы (Моңғолия).
  2. «Үркер ауып барады» – Зүлкәпіл Мәулітұлы (Моңғолия).
  3. «Тәжікстандағы қазақтар» – Абдусаттар Нуралиев (Тәжікстан).
  4. «Ақиқаттың дәмі ащы» – Жарасқан Мырзамұратов (Өзбекстан).
  5. «Кімді кінәларсың…» – Ербақыт Нүсіпұлы (Моңғолия).
  6. «Ұрпағың үзілмесін» – Мұхтасыров Пионер Солтанович (Ресей).
  7. «Қарасу жырлары» – Лала Жүнісқызы Жұманова (Өзбекстан).
  8. «Өрікті көл» – Елеусіз Мұқамәдиұлы (Моңғолия).
  9. «Айтағалы салт атты» – Баман Құрманханұлы (Моңғолия).

«Ұлы Дала» жобасы шетелдегі қазақтардың мәдени және әдеби мұраларын зерттеуді, жинақтауды, басып шығаруды және көпшілікке таратуды мақсат етеді. Шетелдегі қазақтардың шығармашылық еңбектері Қазақстанда кеңінен танылып, олардың мәдени мұрасы насихатталады. Қазақ әдебиеті жаңа шығармалармен толығып, ұлттық бірегейлік нығайтылады. Жас ұрпақ қазақтың мәдени және әдеби құндылықтарына терең қызығушылық танытуға мүмкіндік алады.

ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағы биыл да шетелдегі қазақтардың шығармашылық еңбектерін жинақтап, насихаттауды жалғастыратынын атап өтті. «Ұлы дала – 2025» халықаралық байқауына өтінім қабылдау басталды.