Абай облысының мұғалімі 11 жылдан бері жәндіктер жинаумен айналысып келеді
Семей қаласындағы №20 мектептің биология пәні мұғалімі Альфия Шаймарданова 11 жылдан бері энтомологиялық коллекция жинаумен айналысып келеді. Оның ерекше хоббиі студенттік жылдардағы практикалық тапсырмадан басталып, уақыт өте келе шәкірттеріне білім берудегі маңызды құралға айналған.
Ұстаздың коллекциясында шамамен 200 жәндік бар, олардың арасында сирек кездесетін Махаон көбелегі де бар. Жәндіктерді жинау барысында мұғалімге отбасы мен достары көмектеседі, әсіресе ағасының үлесі ерекше.
– «Оқушыларымның коллекцияға көзқарасы әртүрлі: кейбіреулері қорықса, басқалары қызығушылық танытып, көптеген сұрақ қояды. Ең қуаныштысы – олардың жәндіктер әлемін зерттеуге деген ынтасы мен құлшынысының артуы», – дейді Альфия Шаймарданова.
Жәндіктер коллекциясы тек хобби емес, қазіргі білім беру бағдарламасында кей тақырыптарды толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл коллекция арқылы ұстаз оқушылардың қызығушылығын арттырып, зерттеушілік қабілеттерін дамытуда. Оқушыларымен бірге «Энтомологиялық коллекцияны жинау және құрастыру ережелері» бойынша жобалар жасап, зерттеулер де жүргізеді.
Коллекцияны толықтыру мақсатында ұстаз табиғаттың әртүрлі аймақтарына барған. Оның ішінде Бейбітшілік аралы, Қызылшағай орманы, Дельбегетей және Қыземшек таулары сияқты ерекше жерлер бар. Кейбір жәндіктер табиғи жағдайда өлген күйінде табылған.
Мұғалім биология пәнінен 5-11 сынып оқушыларына сабақ береді. Алдағы уақытта жаңа экспедициялар ұйымдастырып, коллекциясын толықтыруды және шәкірттерімен бірлескен жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі