Польша Еуропалық Одақ Кеңесінің төрағалығын екінші рет өз қолына алды

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында Польша Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық етеді. Бұл мемлекет Еуропалық Одақ Кеңесінің төрағалығын екінші рет өз қолына алды. Польшаның алғашқы төрағалығынан он үш жыл және ЕО-ға мүше болып кіргеннен кейін жиырма жыл өткен соң, Польша Еуропалық қауіпсіздікті оның барлық басымдықтарында жүзеге асыруға бағытталған Төрағалық бағдарламаны ұсынады. Осыған орай, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич және Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша Сенімді Өкілі Михал Лабенда Польшаның төрағалығына, оның басымдықтары мен мақсаттарына, сондай-ақ олардың Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты мәселелеріне арналған алғашқы баспасөз конференциясын өткізуде.

Алдағы бес айда Польшада 300-ден астам ресми отырыстар, оның ішінде ЕО министрлерінің 22 бейресми кеңесі өтеді. Польша мемлекетінің төрағалығы институционалдық кезеңнің басталуымен тұспа-тұс келіп, мақсаттар қоюға, шешімдер ұсынуға және алдағы бес жылға арналған үдерістерді бастауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, төрағалық Еуропалық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі іс-шараларды сыртқы, ішкі, ақпарат, экономика, энергетика, азық-түлік және денсаулық сияқты жеті аспектілерде қолдайтын болады.

Қорғаныс пен қауіпсіздік сыртқы қауіпсіздік аспектісімен байланысты және Польшаның ЕО Кеңесіне төрағалық етуінің басты басымдықтарының бірі ретінде қарастырылады. Әскери шығындарды ұлғайту, қорғаныс өнеркәсібін нығайту және қорғаныс әлеуетіндегі олқылықтарды жою негізінде қорғаныс дайындығын арттыру қажет. Польша төрағалығы бұл жұмыстарды қолдайды және ЕО-да қорғанысты қаржыландыру мәселелері бойынша терең пікірталас жүргізуді талап етеді.

Адамдар мен шекараларды қорғау ішкі қауіпсіздік аспектісіне жатады және поляк төрағалығы ЕО-ға мүше мемлекеттер мен қауіп-қатерді бағалау институттары арасында ынталылық (стимул) пен ағымдағы бәтуаластықты (консенсус) дамытуға ниетті. Төрағалық ету ЕО-ның сыртқы шекараларындағы көші-қон және қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты шешу, тұрақты емес көші-қонды азайту және қайтару саясатының тиімділігін арттыру, соның ішінде үшінші елдердің серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеу үшін жаңа шешімдер іздеуге бағытталады.

Шетелдік басқыншылық және жалған ақпаратқа төзімділік Польша төрағалығының басты басымдықтарының бірі болып табылады және ол ақпараттық қауіпсіздікке қатысты. ЕО-ға төрағалық ететін Польша мемлекеті жалған ақпаратқа, ақпараттық манипуляцияға қарсы күресте бақылауды күшейтуге және ЕО-ның киберкеңістіктегі озбырлық әрекеттердің алдын алу мен азайту қабілетін арттыруға тырысады. Әсіресе, бұл ЕО ақпараттық жүйелеріне үшінші елдердің араласуымен байланысты дағдарыстық жағдайларды шешу үшін өте маңызды. Сондай-ақ, поляк төрағалығы осы саладағы ынтымақтастық бағыттарын іздейді және демократиялық орнықтылықтың нақты жақсаруына әкелетін ЕО деңгейіндегі бірлескен бастамаларды анықтайды.

Бизнес қауіпсіздігі мен еркіндігін қамтамасыз ету экономикалық қауіпсіздік аспектісіне жатады және Польша төрағалығы экономикалық мәселелерді шешуге ықпал ететін шараларды қабылдауға ниетті. Сонымен қатар, төрағалық ЕО шеңберінде тең жағдайларды сақтай отырып, қауіпсіздік пен экономикалық артықшылықтар жасау үшін маңызды салаларда өнеркәсіпті қолдау тетіктерін жетілдіруге назар аударады. Сондай-ақ, әлемдік аренада ЕО өнеркәсібі үшін әділ бәсекелестікті қалпына келтіру басым міндет болады. Польша төрағалығы Бірлік саясатының болашағы бойынша пікірталас өткізеді, себебі Біртұтас Нарықтағы жақсартулар қауіпсіздік пен экономикалық бәсекеге қабілеттілікке ықпал ететін саясатпен қатар жүруі тиіс.

Бесінші басымдық – энергетикалық қауіпсіздік аспектісіне қатысты энергетикалық ауысу. ЕО-ға төрағалық ететін Польша елі энергия ресурстарын жеткізудегі беріктік пен сенімділік ЕО-ның энергетикалық қауіпсіздігі үшін өте маңызды екенін атап көрсетеді. Бүгінгі таңда, ЕО-ның энергетикалық қауіпсіздігі азаматтар мен кәсіпорындардың энергияға жеткілікті мөлшерде және қолжетімді бағамен қол жеткізуін қамтамасыз ету болып саналады. Сондықтан, поляк төрағалығы ресейлік энергия тасымалдаушыларды импорттаудан толық бас тартуға бағытталған іс-қимылдарға септігін тигізетін болады. Осы тұрғыда, төрағалық етуші ел ЕО-да энергия бағасын төмендетуге бағытталған қадамдар жасайды және ЕО мен көршілес елдердегі энергетикалық инфрақұрылымның физикалық қауіпсіздігі мен киберқауіпсіздігін арттыру мақсатында ЕО-ның энергетикалық қауіпсіздік шеңберін қайта қарастырады.

Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты тағы бір басымдық – бәсекеге қабілетті және орнықты ауыл шаруашылығы. ЕО-ның барлық әрекеттері осал ауылшаруашылық секторларын ескеріп, ЕО елдеріне кірмейтін өндірушілердің ЕО-ның азық-түлік сапасы, қауіпсіздігі және тұрақтылық стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, поляк төрағалығы фермерлерді қолдайтын және ауыл шаруашылығын дамытатын қуатты Бірыңғай ауылшаруашылық саясатын қалыптастыруға ұмтылатын болады. Бұл саясат фермерлерді қоршаған ортаны қорғау шараларын қабылдауға және су тасқыны мен құрғақшылық сияқты климаттың өзгеруі салдарымен күресу және алдын алудың артықшылықтарын көрсетуге мәжбүрлеудің орнына ынталандыруы тиіс. ЕО-ға төрағалық ететін Польша Республикасы ЕО-ның келешектегі кеңеюі, соның ішінде Украина есебінен сектордың алдына қоятын мәселелер бойынша жұмыс істейтін болады.

Төрағалықтың соңғы басымдығы – денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік. Климаттың өзгеруі, ауа-райының күрт нашарлауы, табиғи апаттар мен ұлғайып жатқан гибридті және киберқауіптер Еуропаның денсаулық сақтау саласындағы орнықтылығын арттыру бойынша шаралар қабылдауды талап етеді. Осы пікірлерді ескере отырып, поляк төрағалығы денсаулық сақтауды цифрлық жағынан түрлендіруге, балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен жалпы денсаулықты нығайтуға, сондай-ақ аурудың алдын алуға бағытталған. Төрағалық етуші тарап өз жұмысында пациенттердің болашағына ерекше назар аудара отырып, ЕО-ның дәрілік қауіпсіздігін арттыру қажеттігін ескеретін болады. Дәрі-дәрмек жеткізу тізбегін әртараптандыру және оларды ЕО-да өндіруді қолдау да шешуші рөл атқарады. Денсаулық қауіпсіздігі ЕО азаматтарының әл-ауқатымен де байланысты. Сондықтан, поляк төрағалығы цифрлық дәуірдегі балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын жақсарту жолдарына және денсаулықты нығайту шараларына зер салады.

Айта кету керек, Польша төрағалығы серіктес елдермен экономикалық ынтымақтастықты нығайтады және Орталық Азия елдерімен (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан) және Әзірбайжанмен ынтымақтастықты кеңейту бойынша шаралар қабылдайды. Сонымен қоса, Польша төрағалығы Шенген келісімінің 40 жылдығын атап өтеді, ал оның құрылуы ЕО-ның ең маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Бұл кезең Шенген аймағының жұмысына басымдық беруге және оны сәйкесінше басқаруға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, төрағалық әкімшілігі Шенген елдерінің ішкі шекараларында уақытша шекаралық бақылауды енгізу мәселесін қарастырады.