Қазақ тілі және отарсыздандыру: NU-да әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша конференция өтті
24 қаңтарда Nazarbayev University-де (NU) «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар: қоғамдық дискурс» тақырыбында халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы өтті. Оған қазақстандық және шетелдік университеттерден, соның ішінде Қырғызстан, Әзербайжан, Қытай, Будапешт және АҚШ оқу орындарынан 60-қа жуық баяндамашы қатысты.
Конференцияны NU-дың Қазақ тілі және түркітану кафедрасы мен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі ұйымдастырды. Талқылананған негізгі тақырыптар қатарында постколониализм, тарихтану және ұлттық құндылықтар кеңістігі, әдебиеттанудағы жаңа бағыттар, тілді оқыту мәселесі, антропологиялық зерттеулерлегі әлеуметтік факторлар және т.б. болды.
Бас спикерлер ретінде Columbia University дәріскері Амина Тавасил, NU профессоры Алима Бисенова және Қазақ тілі мен түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамильоғлы баяндама жасады. Жалпы конференцияға қатысушылар арасында al-Farabi Kazakh National University, L.N. Gumilyov Eurasian National University, SDU University, Ualikhanov University, Akhmet Yassawi University және басқа да қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері болды.
«Бұл конференцияны енді жыл сайын өткізбек ойымыз бар. Алғашқы жылдары постколониялық теория тақырыбын тереңінен зерттемекпіз. Шараның негізгі мақсаты – Қазақ тілі кафедрасы оқытушыларының кәсіби дамуы. Бұл оларға Қазақстанның басқа оқу орындарында қызмет ететін әріптестерімен жинаған білім мен зерттеу жұмытарымен бөлісуге мүмкіндік береді, ал шақырылған қонақтар өз зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ортаға сала алады. Үздік жұмыстар Қазақ тілі оқытушыларының халықыралық бірлестігінің Quttı bilig журналында жарияланбақ. Аталған бірлестікті де біздің кафедра құрған», — деді профессор Юлай Шамильоғлы.
Ол сондай-ақ қуанышты жаңалығымен бөлісті. Енді NU студенттері KAZ 300, Kazakh Studies in the Post-colonial Era пәнін оқи алады, аталған сабақ барысында қазақ мәдениеті постколониялық теория негізінде қаралмақ.