Қазақстанға кімдер жиі келеді? 

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы «eQonaq» жүйесінің деректеріне сәйкес Қазақстанда орналастыру орындарын жиі таңдайтын шетелдік туристерді жас ерекшеліктері бойынша саралады. 2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, елімізге келген ең белсенді саяхатшылардың жасы – 35-39 аралығында. Екінші орында 30-34 жас аралығындағы келушілер, ал үшінші орынды 40-44 жастағы шетелдік туристер иеленді.

Талдау «eQonaq» ақпараттық жүйесінде тіркелген орналастыру орындарының деректерін қамтыды.

Өткен жылы шетелдік қонақтардың негізгі бөлігін 30-44 жас аралығындағы туристер құрады — 653 мыңнан астам адам. 25-29 жас аралығындағы жас саяхатшылар келесі позицияны иеленді (шамамен 174 мың адам), ал 45-49 жас аралығындағы шетелдік келушілер 156 мыңнан асады.

Орналастыру орындарына тоқтаған шетелдік туристердің басым бөлігін ер адамдар құрады — 70,5%.

Қазақстанға іскерлік мақсатта 150 мыңға жуық шетелдік қонақ келген.