Абай облысының оқушысы Қазтамақ гүлінің құпиясын ашты

Абай облысы Үржар ауданы «Абылай хан атындағы орта мектеп-бақшасы» оқушысы Ботагөз Жапарова мен жетекшісі Айгерім Мамбетбаева көпшілікке бұрыннан таныс қазтамақ гүлін жаңа қырынан зерттеп жүр. Олар өсімдікті табиғи жолмен тамырландырудың тиімді тәсілдерін анықтады. Сондай-ақ оның медицина мен косметологияда қолдану мүмкіндіктерін зерттеді.

Ботагөздің басты жаңалығы – фитогормондар арқылы өсімдікті тез әрі табиғи жолмен тамырландыру әдістері. Зерттеу барысында алты түрлі стимулятор қолданылып, олардың ішінде ең тиімділері – ашытқы, алоэ шырыны және янтарь қышқылы екені дәлелденді. Бұл тәжірибе тек зертханалық жұмыс емес, оны күнделікті өмірде де қолдануға болады.

«Қазтамақ – емдік қасиеттерге бай өсімдік. Оның жапырағы құлақ ауырғанда қолданылса, шырыны тері ауруларын емдеуге және шашты күтуге тиімді. Мен зерттеу барысында бұл гүлдің қаншалықты көп пайдасы бар екенін дәрігерлермен сұхбаттасу арқылы анықтадым», – дейді оқушы.

Бүгінде оқушы өз мектебінің ауласын қазтамақ гүлзарымен толтыруды жоспарлап отыр. Қазір мектеп жылыжайында осы гүлдің 8 түрі өсірілуде. Бұл жұмыс тек мектеп оқушыларына емес, экология мен табиғатты сақтау бағытында жаңа көзқарас қалыптастыруға әсер етеді.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі