Ұлттық ұлан арнайы күштерінің үш командасы халықаралық турнирге қатысады

2025 жылдың 1 ақпанында Біріккен Араб Әмірліктерінің Аль-Рувайя жаттығу орталығында UAE SWAT Challenge арнайы күштерінің алтыншы чемпионаты басталады. Дубай полициясы ұйымдастырған жаһандық іс-шара тактикалық сынақтарға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен элиталық мамандандырылған командаларды біріктірді.

1-5 ақпан аралығында қатысушылар тактикалық дағдыларды, интеллектуалды зейіндер мен физикалық төзімділікті тексеруге бағытталған бес түрлі сынақта бақ сынайды. Оларға тактикалық операциялар, шабуыл сынақтары, биік мұнара және кедергілер алаңындағы қиындықтарды бағындыру жатады.

UAE SWAT Challenge ұйымдастыру комитеті қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша 48 елден әртүрлі полиция департаменттері мен тактикалық бөлімшелер атынан 93 команданың тіркелгенін жариялады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінен “Бүркіт А”, “Бүркіт Б”, “Ұлттық ұлан” атауымен үш команда бақ сынайды.

UAE SWAT Challenge-дің негізгі міндеттері — күнделікті тәуекелдерге және нақты қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін арнайы мақсаттағы жасақтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру.

«Жыл сайын бұл челлендждің беделі мен инклюзивтілігі артып келеді. Азия, Еуропа, Африка және Америка командаларының саны қарқынды өсуде. Біз үшінші рет қатысып отырмыз. Бұл сынақтар жауынгерлердің қауіпсіздік және жылдам әрекет ету, физикалық төзімділік, стратегиялық ойлау саласындағы кәсібилігін нығайтуға көмектеседі», — деп атап өтті Ұлттық ұлан арнайы операциялар орталығы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс бағдарламасында кепілге алынған адамдарды босату және эвакуациялау бойынша да жеке жарыстар болады.

Айта кетейік, UAE SWAT Challenge 2019 жылдан бері өткізіліп келеді, сол жылы оған қазақстандық ІІО және Ұлттық ұлан жауынгерлері алғаш рет қатысқан болатын.

2022 жылы челленджге 34 команда, 2023 жылы жылы 55 және өткен жылы 73 команда қатысты.

ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметі