Қазақстанның үздік 5 туристтік ауылы анықталды
Kazakh Tourism «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауын қорытындылады. Жоба тұрақты туризмді дамытуға, бірегей табиғи ландшафттары бар, дәстүрлер мен қолөнерді сақтаған ауылдық аумақтарды анықтауға және ілгерілетуге бағытталған.
Облыс әкімдіктеріне байқауға өңірден үш ауылды ұсынуға мүмкіндік берілді. Қатысушыларды іріктеу кезінде табиғи және мәдени ресурстарға, елді мекендердегі дәстүрлі қызмет түрлерінің сақталуына ерекше көңіл бөлінді. Олар жаңа бағыттар мен аутентикалық туризмге қызығушылық танытқан саяхатшылар үшін тартымды болуы мүмкін.
Байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы анықталды:
- Лепсі (Жетісу облысы, Алакөл ауданы)
- Нағи Ілиясов (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы)
- Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы)
- Поперечное (Шығыс Қазақстан облысы, Риддер ауданы)
- Шабанбай би (Қарағанды облысы, Ақтогай ауданы)
Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) өткізетін UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауында Қазақстанды таныстырады.
Атап өткен жөн, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталды.