Sergek Group бас директоры жол ережесін бұзбайтын жүргізушілерді марапаттауды ұсынды

Астанада «Қазақстандағы қалалық мобильділікті дамыту» форумы өтті. Шараны «URBAN EXPERT» қалалық бастамалар қауымдастығы Q88 Тұрақты даму қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырды. Форумға мемлекеттік органдар өкілдері, көлік саласының сарапшылары, сәулетшілер мен урбанистер жиналып, Қазақстандағы такси, микромобильді көлік және автобус тасымалы сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

Форум аясында электросамокаттар, велосипедтер және басқа да жеке қозғалыс құралдарының реттелуіне арналған панельдік сессия өтті. Сарапшылар құқықтық нормалар, қауіпсіз инфрақұрылым құру және микромобильді көлікті қалалық көлік жүйесіне енгізу мәселелерін талқылады.

Сессия барысында Sergek Group бас директоры Евгений Ким компанияның мопедтер мен мотоциклдерді тану технологиясына ие екенін атап өтті. Қазақстанда микромобильді көлік қарқынды дамып жатқандықтан, бұл технологияның маңыздылығы артып келеді. Sergek Group мопедтер мен мотоциклдерді пайдалану кең таралған Баликпапан (Индонезия) және Багио (Филиппин) сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия қалаларында пилоттық жобаларды жүзеге асыру кезінде осы бағытта айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Аталған пилоттық жобаларда компания микромобильді көлікті тиімді бақылау жүйелерін сәтті бейімдеді. Қазірдің өзінде Sergek интеллектуалды жүйесі мотоциклдерді тану функциясына ие және компания бұл технологияны одан әрі жетілдіріп, қалалардың жаңа талаптарына сәйкестендіріп келеді.

Евгений Ким халықаралық тәжірибені қолдана отырып, жол қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол жүргізушілерді тек айыппұл арқылы емес, марапаттау жүйесі арқылы да ынталандыру қажеттігін ұсынды.

“Германияда апатқа түспеген жүргізушілерге сақтандыру жарналарына жеңілдіктер беріледі: неғұрлым ұзақ уақыт жол-көлік оқиғасына түспеген жүргізуші болса, соғұрлым оның сақтандыру төлемдері төмендейді. Сингапурда жол ережесін сақтаған жүргізушілерге жеңілдіктер қарастырылған. Егер жүргізуші белгілі бір уақыт ішінде ереже бұзбаса, оған сақтандыру полисіне жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар беріледі. Канадада сақтандыру компаниялары қауіпсіз жүргізуді ынталандыратын бағдарламаларды ұсынады. Арнайы телеметриялық құрылғылар немесе мобильді қосымшалар арқылы жүргізушінің стилі бақыланып, қауіпсіз жүргізген азаматтарға 25%-ға дейін жеңілдік беріледі. Австралияда да осындай бағдарламалар енгізілген. Мұндай бастамалар жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтады”, – деді Евгений Ким.