Air Astana авиациядағы мансап мүмкіндіктерімен таныстырады

Air Astana компаниялар тобы Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтетін «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысуда. Фестиваль 11-15 ақпан аралығында Астанадағы ЭКСПО аумағында өтеді.
Арнайы жасақталған «Авиация үйінде» қонақтар шеберлік сабақтарға қатысып, ұшқыш, бортсерік, жердегі қызмет көрсету және инженерлік-техникалық қызмет мамандықтары туралы көбірек біле алады. Сондай-ақ Airbus ұшу тренажерінде ұшып көріп, авиация әлеміне ене алады.
Air Astana компаниялар тобында 6 500-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 90%-ға жуығы өндірістік бөлімшелерінде. Соның қатарында 1 662 бортсерік, 594 ұшқыш, 506 инженер, техник және механик, сондай-ақ 1 040 жердегі қызмет көрсету маманы бар. Оның ішінде қоймашылар, жүк тиеушілер, ораушылар, тазалаушылар, ұшақтың сыртын жуу операторлары, жүргізушілер, жүк қабылдап-өткізушілер, жұмсақ мүлікті тиеу және түсіру агенттері және басқа да 680-ге жуық жұмысшы мамандық өкілдері еңбек етеді.
«Air Astana – өз ісіне адал кәсіпқойлардың командасы. Біз мансаптық мүмкіндіктер ұсынып қана қоймай, өндірістік мамандықтарға – ұшқыштарға, бортсеріктерге, механиктерге және жерде қызмет көрсету агенттеріне бастапқы деңгейден оқыту жүргіземіз. Әуекомпания қызметкерлерді тұрақты түрде қабылдап, мамандарға кәсіби даму мен мансаптық өсуге мүмкіндік береді,» – деді Евгения Ни, Air Astana компаниялар тобының адам ресурстарын басқару жөніндегі атқарушы директоры.
Air Astana еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласында ISO 45001:2018 халықаралық стандартына сәйкес жоғары стандарттарды сақтайды. Барлық штаттық қызметкерлер кеңейтілген әлеуметтік пакетке ие, оған компания қызметкерлеріне арналған билеттер, жұмысқа тасымалдау, медициналық сақтандыру, корпоративтік зейнетақы жоспарына қатысу және басқа да артықшылықтар кіреді.
Әуекомпаниядағы бос жұмыс орындары туралы job.airastana.com ресми сайтынан білуге болады.