Алматы облысы спортшысы қысқы Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді

Қытайда өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында Қазақстанның ерлер биатлон құрамасы эстафеталық жарыста күміс медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс – отандық спортшылардың қажырлы еңбегі мен жоғары шеберлігінің жемісі. Құрама сапында өнер көрсеткен Әсет Дүйсенов, Владислав Киреев, Вадим Куралес және Александр Мухин мәре сызығын екінші болып кесіп, Қазақстан қоржынына кезекті медальді салды. Әсіресе, Алматы облысының спортшысы Әсет Дүйсенов ерекше көзге түсіп, тарихи жетістікке өз үлесін қосты.

Ол өзінің шеберлігі мен ерік-жігерінің арқасында керемет нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшыларды құттықтап, бұл жеңістің маңыздылығын атап өтті: “Қысқы Азия ойындарында биатлоншыларымыздың табысқа жетуі – еліміздегі қысқы спорттың қарқынды дамуының дәлелі. Әсіресе, жерлесіміз Әсет Дүйсеновтың жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш.

Оның ерік-жігері мен қажырлы еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Спортшыларымызға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз!” Азия ойындарындағы бұл жетістік – қазақстандық спорттың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.

Алматы облысының әкімдігі