«Астана Опера» аспаздары әртістердің немен тамақтанатынын айтып берді

Опера және балет театры жайлы ойлағаныңызда, ең әуелі әсем декорациялар мен костюмдер, әртістердің таңғаларлық өнер көрсетулері көз алдыңызға келетін шығар. Алайда «Астана Опера» театрындағы сахна сыртының екінші жағы да бар. Театрдың ас бөлмесіне кіріп, мұқият ойластырылған тағамдар арқылы әртістердің денсаулығы мен күш-қайратын кімдер қамтамасыз етіп жүргенін білейік.

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Біз театрда аспаз болу үшін не қажет екенін білейік деп шештік. Асхана жұмыскерлерінің айтуынша, мұнда тәжірибе ғана емес, кәсіби білім де талап етіледі. Оқыту аспаздық өнерді меңгеруді және әлбетте, әртістермен жұмыс істеу ерекшелігін қамтиды.

– Аспаз – барлық уақытта да өзекті мамандық. Бұл өнерді колледждерде оқу, сондай-ақ кәсіби курстарды өту арқылы үйренуге болады. Аспаздың шеберлігі оның дәрежесі  бойынша бағаланады, олардың саны – алтау, ал алтыншысы – тағамды өзі дайындап шығаратын мастер-шеф, – деп әңгімеледі 14 жылдан бері төртінші санаттағы аспаз болып жұмыс істеп келе жатқан Сәуле Юлдашева.

Кәсіби оқытудан өткен кезде аспаздар түрлі техникаларды, рецептерді және ас үйдегі қауіпсіздік ережелерін меңгереді. Алайда бұған қоса, театрдағы жұмыс әртістердің өмір ырғағы мен кестесін түсінуді қажет етеді. Дайындықтар ұзаққа созылатындықтан, ал өнер көрсетулер түрлі уақыттарда болатындықтан, аспаздар бұған оңай бейімделіп, кестедегі өзгерістерге дайын тұруы тиіс.

— Егер біз әртістердің көптеп келіп жатқанын көрсек, барлығын тамақтандыру үшін қосымша тағамдар әзірлей бастаймыз.

Сәуле Юлдашева – бес баланың анасы, бар білгенін балаларына үйретуде. Кезінде өзі туып-өскен отбасында да анасы 40 жыл аспаз болып жұмыс істеген екен. Сәуле Юлдашева анасына ас үйдің шаруаларына жиі көмектесіп, түрлі тағамдарды дайындаудың көптеген құпияларын өз бойына сіңіріпті. Бәлкім, әртістердің оның фирмалық әже сорпасы мен ташкенттік палауын жақсы көретіні сондықтан болар.

— Мәзірді құрған кезде біз әрдайым дұрыс тамақтануға назар аударамыз және әртістердің нені ұнататыны жайлы да ұмытпаймыз. Мәселен, балет солистері майлы емес сорпаларды ұнатады, әсіресе асқабақ, саңырауқұлақ сорпаларын, крем-сорпаларды және брокколи қосып дайындалған сорпаларды жақсы көреді. Опера әртістері тауық пен  сиыр еттерінен әзірленген палауды сүйіп жейді. Ал әр бейсенбіде бізде – балық күні, сондықтан мәзірде міндетті түрде балық сорпасы мен қуырылған балықты табасыз.

«Тамақ қалайда дәмді шығуы үшін мүлде ас әзірлеу білмейтіндерге қайтпек керек? Мүмкін аскөкті көбірек қосу керек шығар?» деген сауалға Сәуле Юлдашева сенімді түрде басын шайқап, «махаббатты барынша көбірек қосу керек!» деп жауап берді.

— Біздің күніміз жақсы көңіл күйден басталады, ас үйге негативпен кіруге құқығымыз жоқ, себебі оның барлығы да айналамызға беріледі, ұжымымыздан әрдайым достық атмосфераның лебі есіп тұратыны сондықтан болар. Егер ас сүйіспеншілікпен дайындалса, ол әртістерге міндетті түрде ұнайды, — деп пікірін қосты Сәуле Юлдашева.

Аспаздық шеберлері әртістерге күш қуаттарын арттырып отыру керектігін біледі, сондықтан таңнан бастап сөреде сүзбе қосылған құймақ, компот, ботқа түрлері, омлет, қуырылған нан, салаттар тұрады. Ал түскі ас уақытына қарай мұнда лағман, тұшпара, мәнті, хинкали, француз рецебі мен ауыл рецебі бойынша дайындалған картоп, пияз қосылған бауыр және бауыр торты дайын болады. Көбі дымляманы, көкөніс пен тауықтың төс етінен дайындалған тамақты, балық пен картоп езбесін, жеңіл көкөніс сорпасын жақсы көреді.

«Астана Опера» театрының тоғыз адамнан құралған аспаздық тобы көкөністер, ет және сүт өнімдерін қоса алғанда балғын әрі табиғи азық-түлікті пайдаланғанды жөн санайды. Бұл дәмді ас пісіруге ғана емес, сондай-ақ әртістердің денсаулығын қалыпта ұстауға мүмкіндік береді.

Алайда тәттілер қойылған сөрені де айналып өту мүмкін емес. Балет әртістері тәтті жемейді деген көпшіліктің пікіріне қарамастан, аспаз-кондитер Света Жанысова кейде балет бишілері өздеріне тәтті тоқаш пен торт тілімінен ауыз тиюге рұқсат ететінін айтады.

— Мен ас әзірлегенді қатты жақсы көремін, бұл сүйіспеншілікті менің бойыма анам сіңірді, бұрын біз үйде түрлі тәттілерді көп пісіретін едік. Уақыт өте келе бұл әуестіктің мамандыққа айналғанын қалайтынымды түсіндім. Әлбетте, содан кейін аспаздық курстарды бітірдім және қазір де өзімді үнемі жетілдіріп отыруға тырысамын. Білесіз бе, кондитерлік істің де өз сәні бар, мысалы қазір сникерс торты мен фирмалық банан қосылған тортым зор сұранысқа ие, ал шамалы ғана уақыт бұрын ірімшік пен йогурт қосылған тоқаштар сәнде еді. Келушілер құс сүті тортын және бал тортын қатты жақсы көріп қалды. Қазіргі таңда меренга рулетін ұнатып жүр. Сондықтан мен әрдайым жаңа рецептерді үйренемін және уақытпен бірге қадам басуға ынтамды саламын. Бұл істе аспаздық блогтар мен ғаламтордағы шеберлік сабақтары жақсы көмектеседі.

«Астана Операның» әрбір аспазының өз хикаясы бар, олардың әрқайсысының жаны өз істеріне деген үлкен махаббатқа толы. Әртістер сахнаға шығарда немесе дайындықтары аяқталғанда өздерін театр асханасында ғажайыпты жасап жүрген аспаздар күтетінін нақты біледі.

Telegram-канал: «Астана Опера» аспаздары әртістердің немен тамақтанатынын айтып берді