Қазақстандық студенттер Сеулде ЖИ-ның жаһандық денсаулыққа әсері туралы жобаларын таныстырады

NU студенттері Жаһандық денсаулық бойынша академиялық форумына қатысып, MedTech жобаларын ұсынды. Цифрлық трансформация дәуіріндегі жаһандық денсаулық туралы AUA академиялық форумы 2025 жылғы 7-8 ақпанда Seoul National University кампусында Азия университеттері альянсы (AUA) университеттерінің жас магистранттары мен докторанттарын біріктірді.

NU атынан Медицина мектебінің студенттері – докторант Әлия Салимова мен магистрант Мәдина Түсіпбекова қатысты. Олар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың медицинаға әсері туралы зерттеулерін ұсынды.

Форум академиялық алмасу алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар дамып келе жатқан технологиялар денсаулық сақтау саласын жаһандық ауқымда қалай өзгертіп жатқанын көрсететін көрініс ретінде де қызмет етті. Форумның негізгі тақырыптары цифрлық денсаулық сақтаудағы инновациялар, осы саладағы цифрлық трансформацияны басқару, сондай-ақ Азиядағы медицинада цифрлық технологияларды енгізудің нақты жағдайларын қамтыды.

Форум барысында Мәдина Түсіпбекова «ЖИ негізіндегі денсаулық сақтау жүйелеріндегі пациенттердің сенімі мен құпиялылығының тенденциялары мен перспективалары: библиометриялық талдау» тақырыбында постер баяндамасын ұсынды. Ал Әлия Салимова «Nijmegen Breakage Syndrome зерттеу: денсаулық сақтаудағы цифрлық технологияларды қолданатын клиникалық жағдайды зерттеу» тақырыбында ауызша баяндама жасады. Екі баяндама да сарапшылардың қызығушылығын тудырып, пайдалы пікірлер алды. Кері байланыс студенттерді зерттеулерін одан әрі дамытуға ынталандырды және цифрлық денсаулық саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Мені әрқашан биоэтика, медициналық білім және жаңа технологиялар денсаулық сақтау саласын қалай өзгерте алатыны қызықтырды. Қазір ЖИ медицинаға белсенді түрде енгізілуде, бұл үлкен мүмкіндіктер ашады. Бірақ сонымен бірге бұл көптеген сұрақтар тудырады. Мысалы, емделушілер алгоритмдерге қаншалықты сенуге дайын, олар мұндай жүйелердің  қалай жұмыс істейтінін түсінеді және бұл туралы қандай алаңдаушылық бар? Сондықтан мен бұл тақырыпты толығырақ зерттеуді жөн көрдім. Мен ЖИ басқаратын медициналық жүйелерді пациенттердің қабылдауы саласындағы зерттеулерді жалғастырыра отырып ашықтық, құпиялылық және этика мәселелеріне ерекше назар аударғым келеді», – деп бөлісті «Қоғамдық денсаулық сақтау» бағдарламасының екінші курс магистранты Мәдина Түсіпбекова.

Студенттердің үздік зерттеу жұмыстары Сеул ұлттық университетінің Қоғамдық денсаулық және қоршаған орта институтының рецензияланатын The Korean Journal of Public Health журналында жарияланады.

Азия университеттері альянсы (AUA) 2017 жылдың 29 сәуірінде құрылды. Назарбаев Университеті Азия аймағындағы 15-тен астам университетті біріктіретін Альянстың тең құрылтайшыларының бірі.

Telegram-канал: Қазақстандық студенттер Сеулде ЖИ-ның жаһандық денсаулыққа әсері туралы жобаларын таныстырады