Алматыда 10-сынып оқушыларына арналған «Денсаулық пен әл-ауқат – табысты болашақтың кепілі» атты элективті курс іске қосылды. Бағдарлама Алматы қаласы Білім басқармасы мен Amway Central Asia мамандарының қолдауымен әзірленді.
Курс аясында жоғары сынып оқушылары 6-8-сыныптарға тренингтер өткізеді. Оқушылар еріктілік арқылы көшбасшылық, қарым-қатынас дағдыларын дамытады. Жобаға №5 мектеп-гимназиясы алғашқылардың бірі болып қатысты.
Бағдарлама 6 негізгі тақырыптан тұрады: денсаулықты нығайту, ақыл-ойды дамыту, қоғаммен байланыс, тұлғалық өсу, қаржылық сауаттылық және экологиялық жауапкершілік. Сабақтар ойын форматында өтеді, оқушылар бейнероликтер әзірлеп, пікірталастар ұйымдастырады.
Жоба үйлестірушілері «тең – теңімен» қағидатының тиімділігін атап өтті. Оқушылар мұғалімдерден бөлек, өз құрдастарынан да пайдалы ақпарат алып, еркін талқылау жүргізе алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәсіл жасөспірімдерге күрделі тақырыптарды оңай игеруге көмектеседі.
Курс авторлары жобаны кеңейтіп, Алматы мен өзге қалаларда таратуды жоспарлап отыр. Бағдарлама сабақтан тыс уақытта немесе оқу жоспарының вариативті бөлігі ретінде оқытылуы мүмкін.