Иад Расбей: «Рас-эль-Хайма Қазақстандық туристер үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады»

Рас-эль-Хайма – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең жасыл және қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттардың бірі. Оның табиғи сұлулығы, бай мәдени мұрасы және заманауи инфрақұрылымы саяхатшылар үшін ерекше мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстандық туристер үшін эмират жыл сайын жаңа рейстер, инфрақұрылымдық жобалар және ынтымақтастық бастамалары арқылы қолжетімді.
Жақында Алматыда БАҚ өкілдеріне арналған арнайы ұйымдастырылған іс-шарада Туризмді дамыту департаментінің вице-президенті Иад Расбеймен болған қысқаша сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
— Иад мырза, Алматыға қош келдіңіз! Рас-эль-Хаймаға бұрыннан бері Қазақстаннан көп туристтер келіп, демалатыны тілге тиек еттіңіз. Келер жылдары эмират қандай туристік жобалар мен бастамаларды іске қоспақ?
Біз туристерді тарту үшін түрлі бастамаларды жалғастырудамыз. Жақында Алматыда жазғы кампаниямызды іске қостық. Алдағы уақытта жарнамалық жұмыстарымызды күшейтіп, туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық береміз. Алдағы төрт жылда қонақүй бөлмелерінің санын екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – 2030 жылға дейін 3,5 миллион турист тарту.
— Эмиратта тұрақты туризмді дамытуға қандай шаралар бар?
Рас-эль-Хайма – табиғаты бай өңір, сондықтан тұрақты туризм біз үшін аса маңызды. Біз EarthChecks компаниясымен серіктестік орнатып, экологиялық тұрақтылық бағдарламаларын енгізудеміз. Соңғы екі жылда қонақүйлеріміздің экологиялық көрсеткіштерін зерттеп, өткен жылы 25 серіктестің қатысуымен тұрақты даму бағдарламаларын іске қостық. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз EarthChecks-тің күміс сертификатын алып, өңірімізде осындай мәртебеге ие болған алғашқы туристік бағытқа айналдық.
— Рас-эль-Хайма басқа эмираттардан несімен ерекшеленеді?
Әрбір эмираттың өзіндік ерекшелігі бар. Табиғаты көркем, ауасы таза эмиратқа әлемнің түкпір түкпірінен демалуға келеді. Ал қызмет көрсететін жандар да әлемнің бірқатар елінің өкілдері. Сондықтан да қазақстандық туристер үшін басты артықшылықтардың бірі – тілдік кедергінің болмауы. Қонақүйлерде қазақ және орыс тілдерін білетін қызметкерлер жұмыс істейді. Сондай-ақ, all-inclusive жүйесі, бар отбасы мүшелеріне арналған демалыс бағдарламалары, балалар клубтары және әртүрлі ойын-сауық нысандары біздің бағытты қазақстандық саяхатшылар үшін тартымды етеді.
— Рамазан айында эмират қалай жұмыс істейді?
Біріккен Араб Әмірлігі – 200-ден астам ұлт өкілдері тұратын мемлекет. Сондықтан әрбір адамның сеніміне құрметпен қараймыз. Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті ай, бірақ туристер үшін шектеулер жоқ. Қоғамдық орындарда тамақтануға, сусын ішуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, көптеген саяхатшылар жергілікті мәдениетті көруге, сәресі мен ауызашар рәсімдеріне қатысуға қызығушылық танытады.
— Қазақстандық БАҚ және туроператорлармен қандай серіктестік бар?
Қазақстандық туроператорлармен тығыз байланыстамыз. Қазіргі таңда Қазақстаннан келетін туристердің 90%-дан астамы туроператорлар арқылы сапар жасайды. Сонымен қатар, біз БАҚ-пен де белсенді жұмыс істейміз, ақпарат ұсынамыз, пресс-турлар ұйымдастырамыз.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Рас-эль-Хайма – жайлылық пен табиғат үйлесім тапқан ерекше орын. Тілдік кедергінің болмауы, жоғары деңгейдегі қызмет және түрлі демалыс бағдарламалары қазақстандық туристер үшін эмиратты тартымды бағытқа айналдырады. Туристік инфрақұрылымның қарқынды дамуы, тұрақты туризмді қолдау және БАҚ-пен белсенді ынтымақтастық эмираттың болашағын одан әрі жарқын етпек.
Ғазиза Ұзақ