Оқу-ағарту министрі Алматыда бағынысты ұйымдардың басшыларымен жиналыс өткізді

Ғани Бейсембаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді. Министрлікке бағынысты ұйымдардың басшыларымен кездесу кезінде министр білім сапасын одан әрі арттыруға бағытталған негізгі міндеттерді атап көрсетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда «ABAI ULTTYQ MEKTEBI» алғашқы ұлттық мектебінің құрылысы басталды. Жаңа білім беру ұйымы Абай философиясына, оның ішінде «бес асыл іс» идеясына негізделген. Бұл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетіліп оқытылады. Ол үшін қазіргі жұмыс жасап тұрған Абай атындағы мектеп-интернатының әлеуеті толықтай пайдаланылады.
Инклюзиялық саясатты білім берудің барлық деңгейінде жүзеге асыру мақсатында Ұлттық ғылыми-практикалық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның қызметіне әдістемелік сүйемелдеу, зерттеулер жүргізу, білім алудағы қиындықтарды анықтау және алдын алу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерін үйлестіру жатады.
Әсіресе, айта кету керек, мектеп кітапханаларын модернизациялау, білім алушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға басымдық берілуде. Осы бастамалардың аясында алғашқы қазығы 1932 жылы қағылған Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананы трансформациялау жүргізілуде. Бүгінде оның қорында 400 мыңнан астам кітап пен 3 мыңнан астам ғылыми педагогикалық еңбек бар. Бұдан бөлек, мектеп кітапханашыларының біліктілігін арттыру курстары да өткізіліп тұрады. 2024 жылы колледждер мен мектептерден 1 775 маман оқудан өтті. Жүргізілген жұмыстардың арқасында еліміздің мектеп кітапханаларының қоры 1,6 млн көркем әдебиетпен толығып, жалпы қор саны 141 млн кітаптан асты.
Кездесу соңында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын және оған білім беру жүйесінің барлық деңгейінде басымық беру керек екенін атап өтті. Ол әрбір жоба үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және оған тұрақты мониторингілеу жүргізе отырып, тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.