Қасиетті Рамазан айында Түркия елінен 3 қари келеді

Биыл барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталып, 29 наурызға дейін жалғасады. 30 наурыз күні Ораза айттың алғашқы күні. Ал Қадір түні наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні болады. Бұл туралы Жетісу облысының Бас имамы Керімбек Дәуітов баспасөз мәслихатында баяндады.
Рамазан айы әрбір адамды қайырымды іс жасауға, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, рухани жаңғыруға шақырады. Осы тұста облыста аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық шаралары қолға алынбақ.
Атап өтейік, биыл пітір садақа мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 655 теңге болып белгіленді.
Ораза ұстаудан жүкті және бала емізетін әйелдер, жеті жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ егде жастағы және денсаулығының нашарлығына байланысты ораза ұстауға мүлдем жарамсыз адамдар босатылады.
Дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабайдың сөзінше, мешіттердегі ауызашар беру рәсімдерінде ысырапшылдыққа жол берілмей, мейлінше қарапайым деңгейде өткізу және халыққа жалпы ауызашарды даңғаза тойға айналдырмау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Сауабы мол айда бірқатар мешіттерде Құран хатым оқылады. Жетісу облысына Түркия елінен 3 қари келеді. Олар бір ай бойы мешіттерде тарауық намаздарын оқиды.