Жетісу облысында қаржы пирамидаларына қарсы күрес күшейтілді

Жетісу облысында қаржы пирамидаларына қарсы күрес аясында өткен жылы заңсыз қызмет атқарған төрт қаржы пирамидасының әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Еркін Тюмелиев мәлімдеді.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, «Qnet», «Amanat Drive», «Elous», «Livegood» сияқты қаржы пирамидаларының заңсыз әрекеттері салдарынан 300-ге жуық азамат 306 миллион теңге шығынға ұшыраған. Жәбірленушілердің негізгі бөлігі – мұғалімдер мен үй шаруасындағы әйелдер.
Сонымен қатар, биыл ақпан айында еліміздің барлық өңірінде ауқымды операция жүргізіліп, «Asar Baspana» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды. Аталған ұйым тұрғын үй кооперативі ретінде жасырынып, азаматтарды жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алуға инвестиция салуға шақырған. Ұйымдастырушылар ай сайын 30%-ға дейін пайда береміз деп уәде етіп, халықты алдап келген.
Құқық қорғау органдарының жүргізген арнайы операциясы барысында 1,2 миллиард теңге қолма-қол ақша және 13 автокөлік тәркіленді. Екі ұйымдастырушы қамауға алынып, сот оларды 2 ай мерзімге қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
🔹 2024 жылы қаржы пирамидаларына қарсы күрес аясында 18 ұйымның қызметі тоқтатылды.
🔹 492 сайт пен 16 әлеуметтік желідегі аккаунт бұғатталды.
🔹 «Байқа, пирамида!» Telegram-боты іске қосылып, азаматтарға күмәнді сайттар мен жобаларды тексеруге мүмкіндік берілді.
Департамент өкілдері күдікті қаржы ұйымдарына ақша салмауға, жылдам байып кету туралы ұсыныстарға сенбеуге және қаржы пирамидаларына қарсы сақ болуға шақырады.