Бейжіңде Қытайдың даму бағыты талқылануда

Бейжіңде Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесінің (ҚХСКК) 14-ші шақырылымының үшінші сессиясы ашылды. Бұл сессия 5 наурызда басталатын Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) жыл сайынғы сессиясының алдында өтеді.
ҚХСКК Қытайдың саяси жүйесінде маңызды рөл атқарады, ол кеңес беру және талқылау алаңы ретінде түрлі саяси және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді. Биылғы сессияға мемлекеттік мекемелер, қарулы күштер, қоғамдық-саяси ұйымдар, діни конфессиялар, ғылыми және іскерлік топтар өкілдері, сондай-ақ қатысушылардың қатарында Гонконг пен Макао арнайы әкімшілік аудандарының делегаттары да бар.
Сессия барысында делегаттар экономикалық тұрақтылық пен өсуді қамтамасыз ету, жаһандық саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында Қытайдың ашықтығын арттыру бойынша шараларды талқылайды. Сонымен қатар, ҚХСКК тұрақты комитетінің жұмысы туралы есеп, ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс туралы есеп қаралып, ҚХСКК Жарғысына түзетулер енгізу жоспарлануда. Сессия 11 наурызда аяқталады.
ҚХСКК сессиясымен қатар, 5 наурызда Бейжіңдегі Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) жыл сайынғы сессиясы басталады. Бұл екі жиын елдің даму бағыттарын айқындайтын маңызды саяси оқиға ретінде белгілі.
Осы сессияға қатысуға шақырылғандардың қатарында ҚР Журналисттер одағының мүшесі Ғазиза Ұзақ та бар.
«Бұл шара Қытайдың стратегиялық бағыты мен экономикалық саясатының маңызды аспектілерін талқылауға арналған ерекше алаң. ҚХСКК-нің жұмысы туралы айта келе, менің ойымша, бұл платформа әр түрлі пікірлер мен ұсыныстардың ашық қарастырылуына жол ашады. Сонымен қатар, бұл жиын халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, елдер арасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді. ҚХСКК сессиясында талқыланатын мәселелер тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін маңызды. Осы алаңда қабылданатын шешімдер әлемдік экономикалық және дипломатиялық байланыстарға оң әсерін тигізеді» – деді Nazarmedia.kz ақпараттық агенттігінің өкілі Ғазиза Ұзақ