Қазақстан ITB Berlin 2025 халықаралық туристік көрмесіне қатысуда

Германияның Берлин қаласында 4-6 наурыз күндері әлемдегі ең ірі халықаралық көрмелердің бірі – ITB Berlin туристік көрмесі өтеді. Дәстүрлі іс-шараға Қазақстанның өкілдері де қатысып, әлемге еліміздің туристік әлеуетін таныстырады. 81 шаршы метрді құрайтын ұлттық стендте B2B кездесулер мен презентация аймақтары қарастырылған. Келушілер еліміздің ұлттық тағамдарынан дәм татып, туристік көрікті жерлеріміз туралы бейнероликтерді тамашалай алады.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) Бас хатшысы, Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің төрағасы, Берлин мэрі және Messe Berlin бас директоры қатысты. Құрметті қонақтар еліміздің стендтіне арнайы келіп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Сондай-ақ еліміздің қонақжайлығы мен бай мәдениетін жоғары бағалады.
Отандық делегация құрамында ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Kazakh Tourism ҰК АҚ, және Алматы, Астана, Ақмола, Маңғыстау облыстары туризм басқармаларының, қонақ үй бизнесінің және жетекші туристік компаниялардың өкілдері бар.
Көрменің іскерлік бағдарламалары аясында отандық делегация өкілдері шетелдік компаниялармен екіжақты келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ халықаралық туризмді дамыту және Еуропа туристерін елімізге тарту мақсатында бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.
ITB Berlin халықаралық туристік көрмесіне жыл сайын 180 елден 10 000-нан астам адам қатысады. Көрмені 160 000 адам тамашалайды, соның ішінде 113 500 адам туристік сала мамандары. Берлиндегі дәстүрлі көрмеге қатысу Қазақстанның халықаралық байланысын нығайтуға, жаңа келіссөздер жасауға және елдің туристік әлеуетін әлемдік нарықтағы танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті