Сахнаның көрінбейтін кейіпкерлері

Егер театр сахнасында жарық өшіп, көрермен залын қараңғылық басса – бұл режиссердің қалауы. Алайда кенеттен электр қуаты таусылса, демек бір нәрсенің дұрыс болмағаны. Театрдың іші әрдайым жарық, жайлы әрі қауіпсіз болуы энергетика бөлімінің қызметкерлеріне байланысты. Олар шымылдықтың ар жағында қалғанымен, бірде-бір дайындық пен спектакльді олардың еңбегінсіз елестетуге болмайды.
«Астана Операның» энергетика бөлімінде бас энергетик, аға инженер, екі инженер маман, үш электрші мен төрт кезекші электршіні қосқанда 12 адам жұмыс істейді. Әрқайсысының өз жауапты аймағы бар, алайда олардың барлығын театрдың электрмен үздіксіз жабдықталуын қамтамасыз ету сынды ортақ міндет біріктіреді.
— Біздің бөлім – театрдағы ең маңызды бөлім, – дейді еш артықшылықсыз кезекші электрші Асылбек Баттаков. – Егер электр қуаты болмаса, онда спектакльдер де, дайындықтар да, ештеңе де болмайды.
Кезекші электршілер күндіз-түні ауысыммен жұмыс істейді. Оларды кез келген сәтте, яғни дайындық, спектакль, концерттер, тіпті экскурсия кезінде де жолықтыруға болады. Электршілер барлық жүйенің ақаусыз жұмыс істеуін қадағалап, кемшілікті сол арада жояды.
Олар монтаж жұмыстарымен айналысады, атап айтсақ трансформаторларды ауыстырып, жаңа розеткалар мен шамдарды орнатады, сызбалармен жұмыс істейді. Олардың еңбегі – тәжірибе мен білімді талап ететін күрделі техникалық жұмыс.
Барлық процесті аға инженер Янош Мужикпен бірге инженер мамандар бақылап отырады. Янош Мужик Қазақстанға Венгриядан келіп, елімізде қалған екен. Ол Будапешт техникалық университетін «энергетика» мамандығы бойынша тамамдап, осы салада өмір бойы еңбек етуде.
Электр қуаты – байқалмайтын, бірақ өте қауіпті күш. – Электр тогы – түссіз, иіссіз, алайда тоқ соқса, оны сезбей қалмайсыз, – деп жымиды бас энергетик Олег Стеценко. – Біздің жұмысымыз қауіп-қатермен байланысты, бірақ біз қауіпсіздік техникасын қатаң сақтаймыз және жағдайды әрдайым бақылауда ұстаймыз.
Олардың «Астана Опера» театрындағы әр күні алғашқы қызметкерлер келерден бұрын басталады. Ғимарат пен сахнаға әлі ешкім келмеген кезде электршілер әлдеқашан жұмыс орындарында отырады. Олар дәліздер мен залдарда жарықты қосып, тазалық жұмыстарын жүргізуге жағдай жасайды, одан кейін театрдың негізгі қызметтерімен байланыс жасайды.
— Біреулер театр сабағын өткізсе, енді бір жерде дайындық жүріп жатады, ал тағы бір залда әлеуметтік желілерге ролик түсіреді, олардың барлығына да жарық қажет, – деп әңгімеледі Руслан Алпыспаев. – Біз тұрақты қозғалыста жүріп, жүйелердің істен шықпауын қадағалаймыз.
Көрермендер театрға барлығы дайын кезде, яғни залдарда аспашамдар жарқырап, сахнада сәулелі күрделі композициялар жанғанда, ал дәліздер мен грим бөлмелеріне жайлы көмескі жарық түсіп тұрғанда келеді. – Көрермендер келгенге дейін барлығы жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізуіміз керек, – дейді электршілер. Олар құрылғыларды іске қосып, жарық түсіретін құралдарды тексереді, жүйелердің барлығын қайта қарап шығады.
Дегенмен техника кесте бойынша іске қосылғанымен, күтпеген жерден өтініштер түсуі мүмкін. Мәселен, режиссер сахнаны қараңғылатуды жаңа жерде жасауды ұйғарады, жарық берушілерге қосымша қуат көзі қажет болады, ал қызметтердің енді біріне тез арада жарық жағу немесе жарықты сөндіру керек.
Спектакль басталар алдында кезекші жарық ешкім тас қараңғыда қалып қоймайтындай етіп сөндіріледі. – Біз әртістер үшін арнайы көк түсті жарық жағамыз, ол көзді қарықтырмайды, бірақ сахнаны көруге, шалынбауға және құлап қалмауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді мамандар.
Антракт аяқталғаннан кейін көрермендер өз орындарын оңайлықпен табуы үшін негізгі шамдардың жанып тұруы маңызды. Содан кейін зал әп-сәтте қараңғыланып, спектакльдің атмосферасы қайтарылады және әртістерге көк түсті жарық жағылады. – Барлығы мінсіз және кешігусіз, үйлесімді жасалуы керек, сондықтан бұл жерде өзіміздің айла-тәсілімізді қолданамыз, – дейді Олег Стеценко.
Жарық беруші мен электрші мамандықтарының ұқсас болғаны сонша, оларды жиі шатастырып жатады. Бірі сахнаның көркемдік жарықтандырылуына, келесісі техникалық бөлігіне жауап береді, алайда екеуі де электр құрылғыларымен жұмыс істейді.
Ең күрделі тапсырмалардың бірі – театрдағы шамдарды ауыстыру. – Фойедегі, Камералық залдағы, Үлкен көрермендер залындағы аспашамдар өте үлкен. Бұл аспашамдар әдемі көрінгенімен, олардың да шамдары күйеді. Сол кезде оларды ауыстырып көріңіз!
Бұл үшін қызметкерлер құрылыс сатыларын, электр мұнарасын, сақтандыру жүйелерін пайдаланады, биіктіктегі жұмыс альпинистікінен кем түспейді. – Фойедегі негізгі «PENELOPE» аспашамының салмағы бір жарым тонна, биіктігі 5,5 метр және диаметрі 5 метр. Онда 221 лампа орнатылған. Ал сыртқы жарықтандыруды қоспағанда, театр бойынша барлығы 18 368 шам орнатулы. Күн сайын бір жерде шам күйетіндіктен, оларды ауыстырмайтын күніміз жоқ. Былтыр біз сахнада ауқымды жобаны жүзеге асырдық. Энергетикалық блоктан бастап сахнаға дейін 1,5 шақырым кабель төсеп, үлкен қуатты екі электр шкафын іске қостық, – деп әңгімеледі Янош Мужик.
Жаңа ғана дәлізде шамды ауыстырып келсе, бір минуттан кейін: «Басқа залға келіңіз» деген қоңырау түседі. Театр электршілерінің өмір ырғағы осындай – таусылмайтын, байқалмайтын, десе де бұл сахна әр кеш сайын жарқырап, ал театр өз ғажайыбында тыныстауы үшін қажет.
Жұмыс күні кеш аяқталады. Көрермендер залдан шығып, әртістер сахнадан кеткенімен театр әлі де жұмыс істеп тұрады. Өйткені бұл кезде фойеде соңғы меймандар суретке түсіп жатады, тек жарықтың сәл азайғаны оларға кешті аяқтау қажеттігін білдіртпей еске салады.
Күнде атқарылатын үйреншікті тапсырмаларға қарамастан, жұмыс барысында қуаныш сыйлайтын сәттер де болады. Олардың бірі – балаларға арналған театр сабақтары.
— Олар театрға келгенде көздері қуаныштан бал-бұл жанады. Балалардың «Осында тұруға қалар едім!» деген сөздерін жиі естимін. Әрине, мәселе жарықты жағатынымызда ғана емес. Олар үшін бұл нағыз сиқыр, бүлдіршіндер «жаңа ғана қараңғы еді, бір-екі-үш дегенде шамдар жана кетті» деп таңғалады. Балалар бізді сиқыршы секілді көреді, – деп әңгімесімен бөлісті бас энергетик Олег Стеценко.
Электртехника қарқынды дамып келеді. Егер бұрындары театрда қыздыру шамдарын, содан кейін люминесцентті және энергия үнемдейтін шамдарды пайдалансақ, бүгінде жарықдиодты жарықтандыруға басымдық беріледі. – Біз шамдарды ауыстырып қана қоймаймыз, сонымен қатар жаңа технологияларды меңгереміз, сызбаларды өзгертеміз, энергияның үнемделуін қадағалаймыз, – деп пікірін қосты бас энергетик.
— Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл мамандық әрдайым сұраныста болатынын атап өткім келеді, – деді Олег Стеценко. – Электршінің жұмысы жақсы төленеді, білімің өмірде де, жұмыста да қажет болады. Ал театр электршісінің басқаларынан тағы бір ерекшелігі – оның дайындықтарға кіріп, спектакльдерді тамашалай алуында.
Осылайша, шымылдықтың ар жағында қала отырып, электршілер жүздеген адамға – әртістерге, театр қызметкерлеріне және әрине, көрермендерге қолайлы жағдай жасайды. Олар театрға жан бітіріп, оның атмосферасын қыздыратын әрі асқақ өнердің дүниеге келуіне көмектесетін жарықты басқарады.