Абай облысында алғаш рет «Startup Academy Sfek» Mamanfest фестивалі өтті

Абай облысында Р. Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінде алғаш рет «STARTUP ACADEMY SFEK» MAMANFEST фестивалі өтті. Бұл шара жас кәсіпкерлер мен стартаперлердің бастамаларын қолдап, студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталды.
Фестиваль аясында Startup Academy SFEK орталығының ресми ашылуы өтті. Бұл орталық жас кәсіпкерлер мен студенттердің стартап жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін, инновация мен кәсіпкерлікті қолдайтын алаңға айналмақ. Сондай-ақ шара барысында студенттердің стартап жобалары таныстырылып, кәсіпкерлік пен инновацияны дамытуға арналған арнайы тақырыптық үйлер ұйымдастырылды.
«Әзірлеушілер үйі» IT және бағдарламалау саласына қызығатын жастарға арналды. Қатысушылар веб-әзірлеу, қолданбалы технологиялар мен цифрлық өнімдер жасау бойынша білім алды. «Бухгалтерлер үйінде» қаржы саласының болашақ мамандары бухгалтерлік есеп, салық жүйесі және қаржылық жоспарлау бойынша маңызды ақпараттармен танысты. «Дизайнерлер үйінде» креативті индустрияға қызығушылық танытқан студенттерге графикалық дизайн, UI/UX және визуалды өнер трендтері ұсынылды. «БАҚ үйінде» журналистика, SMM, PR және цифрлық контентті дамытуға бағытталған практикалық тренингтер өтті. Ал «Стартап жобалар үйінде» кәсіпкерлікке қадам жасағысы келетін студенттерге бизнес-жоспарлау, инвестиция тарту және стартап экожүйесін қалыптастыру бойынша кеңестер берілді.
Фестивальға офлайн форматта 250 оқушы мен мұғалім, ал онлайн форматта 500-ге жуық оқушы қатысты.
Шараның негізгі серіктестері:
ТОО «Abai IT Valley»
ТОО «Oner 3D»
Халықаралық әлеуметтік серіктестер
Фестиваль стартап мәдениетін дамытуға, жаңа технологияларды меңгеруге және болашақ кәсіпкерлердің кәсіби бағдар алуына мүмкіндік берді. Жастардың инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі